Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Басты мәселе – Арал тағдыры

Басты мәселе – Арал тағдыры

Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы Ақмарал Әлназарова «Арал өңіріндегі қоршаған орта және халықтың денсаулығы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысты.

Төраға орынбасары өз сөзінде Арал апаты аймақтық та, жаһандық деңгейде де шешуді талап ететін қазіргі замандағы өзекті мәселелердің бірі ретінде БҰҰ-да танылғанын атап өтті.

«Қазақстан мен Өзбекстан Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-эконо­микалық дағдарысты еңсеруде бірлес­кен күш-жігер жұмсап келеді. Екі елдің президенттері Арал өңіріндегі өзекті мәселелерді жедел шешуді, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалануды және қоршаған ортаны қорғауды жүйелі түрде айтып отыр. Өтіп жат­қан форумды біз екі ел, оның ішінде парламент­тік байланыстар аясында жүргізіліп жатқан жұ­мыстардың заңды жалғасы ретінде қарасты­рамыз», деді Төраға орынбасары.

Депутат Ақмарал Әлназарова да Арал өңіріндегі климаттың әсерін және табиғи орта­ның азып-тозуын азайту мақсатында Сыр­дария өзені мен Солтүстік Арал теңізін сақтау мәселелерін шешуде жалпыға бірдей қабыл­данған халықаралық конвенциялар мен стан­дарттарға сәйкес түбегейлі қадамдар қажеттігін атап өтті.

«Экономиканың барлық саласында климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын қабыл­дау қажет, әсіресе ауыл шаруа­шылығында су үнемдеу технологиясы мен ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу керек. Таяу жылдарда құрғап қалған теңіз түбінің жалаңаш жерлеріне орман өсіру, мал шаруашылығын дамыту үшін суы өздігінен шығатын ұңғымалардың айналасында оазис жүйесі жасалуы қажет. БҰҰ қамқорлығы аясында терең зерттеулер жүргізіп, тиісті ұсынымдар әзірленуі керек», деп атап өтті сенатор А.Әлназарова.

Конференцияға Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты Төрағасының орынбасары Содик Сафоев, ДДҰ Еуропалық бюросының басшысы Ханс Клюге, USAID жобасының жетекшісі Екатерина Стрикелева қатысып, сөз сөйледі.

egemen.kz
22 қазан 2022 ж. 2 891 0