Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет басшысы Қорғаныс министрін қабылдады

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрін қабылдады

Руслан Жақсылықов Президентке – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысына Қорғаныс министрлігінің былтыр атқарған қызметінің нәтижелері туралы есеп берді. Кездесуде осы жылға арналған жоспарлар кешені талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа әскери дайындықтың жай-күйі, Қазақстан армиясының құрамы мен құрылымын жетілдіру, жүргізілген жедел және жауынгерлік әзірлік шаралары жөнінде ақпарат берілді.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов былтыр Арнайы операциялар күштері құрылғанын, десанттық-шабуылдау әскерінің әлеуеті артып келе жатқанын жеткізді.

Қазіргі сын-қатерлер мен қауіптерге байланысты әскердің жауынгерлік әзірлік бағдарламасы қайта қаралды. Мемлекет басшысына армиядағы жағымсыз жайттардың алдын алу, жастардың әскери борышын орындауға деген құлшынысын арттыру, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру жөнінде қорғаныс ведомствосының қабылдап жатқан шаралары туралы мәлімет берілді.

Қорғаныс министрі Қарулы Күштерді заманауи техникамен және қару-жарақпен жабдықтау, аумақтық қорғаныс әскерін дамыту, әскери инфрақұрылымды жетілдіру және бітімгерлік мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде баяндады. Сондай-ақ Президентке пайдаланылмайтын әскери мүлік пен қару-жарақты жою шаралары туралы есеп берілді.

Бұдан бөлек, Жоғарғы Бас қолбасшыға жауынгерлік әзірлікті шыңдау, соның ішінде халықаралық деңгейдегі әскери оқу-жаттығу жиындарын өткізуге қатысты биылға жоспарланған іс-шаралар туралы баяндалды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, әскери ортадағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ министрлікке еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі арттыру, мерзімді әскери қызметке шақырудың көктемгі науқанын сапалы ұйымдастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
11 қаңтар 2023 ж. 1 890 0