Мемлекет басшысы Түрікменстанның Сыртқы істер министрін қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Түрікменстанның Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередовті қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президент қазақ-түрікмен қарым-қатынастары барлық бағытта достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқанына назар аударды.
Сондай-ақ Ашхабад бастамашы болған Бейбітшілік және сенім жылының басталуымен құттықтады. Бұл Түрікменстанның бейтарап саяси ұстанымының 30 жылдығымен қатар келіп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанның бітімгершілік бастамаларының маңызы зор екенін айтып, оны табысты жүзеге асыру үшін Қазақстанның жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыра беретінін атап өтті.
Екі ел арасында экономикалық байланыстар қарқынды дамып, мемлекеттер мүддесіне сай келетін өзекті мәселелер конструктивті тұрғыдан ілгерілеп келеді.
Өз кезегінде Рашид Мередов Мемлекет басшысына Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен Түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы, Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовтің ыстық ықыласын жеткізіп, Екі ел арасында экономикалық байланыстар қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етті.
Әңгімелесу барысында энергетика, көлік-транзит және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Фото: egemen.kz