Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Футболдан Қазақстан чемпионаты 3 тамызда қайта жалғасады

Футболдан Қазақстан чемпионаты 3 тамызда қайта жалғасады

Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионаты 3 тамызда қайта жалғасады, деп хабарлайды inform.kz тілшісі Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетелік, доп додасы 8 наурызда басталған болатын. Екі турдан кейін елімізде коронавирус пандемиясының өршуіне байланысты ол кейінге шегерілді.
Ал 1 шілдеде үшінші тур ойындары өтті. Одан кейін елімізде карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты доп додасы тағы да кейінге шегерілді. Ендігі кезекте Қазақстан чемпионатын оңтүстік астана – Алматы қаласында өткізу жоспарланып отыр. Ойындар Алматы және оған іргелес орналасқан Талғар қалаларында өткізіледі.
Осыған байланысты Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин отандық клубтарға үндеу жолдады. Онда доп додасын жалғастырудың мүмкіндігі жайында айтылған. «Ойындар Алматы мен Талғар қалаларында өтеді. Бұл чемпионатты жалғастыру бағытындағы ең қолайлы шешім екенін айта кету керек. Ендігі кезекте отандық клубтар үшін қатынау, футболшыларды ойыннан кейін қалпына келтіру бойынша қолайлы жағдай жасалады. Оған қоса командалар уақыт пен қаржыны үнемдейді. Жеке автобусты пайдалану, бір базада тұру және өзге адамдармен қарым-қатынасты азайту жағы ескеріледі. Карантин шарттарын сақтау – эпидемиологиялық қауіпсіздік тұрғысынан дұрыс шешім», – деді Азамат Айтқожин клуб басшыларымен өткен бейнеконференцияда.
Барлық командалардың мемлекеттік органдармен келісілген санитарлық протоколдың барлық шарттарын орындауы басты назарға алынады. Футболшылар ойыннан бұрын ПТР тест тапсырады. Олардың денсаулығын бақылау әрбір клубтың медицина қызметкерлеріне жүктеледі. Айта кетерлігі, мұндай жағдай отандық футбол тарихында алғаш рет кездесіп отыр. Қазақстан чемпионаты тұңғыш мәрте бір қалада өтеді. Чемпионаттың барлық ойыны республикалық «Qazsport» телеарнаcынан тікелей эфирде көрсетіледі.
27 шілде 2020 ж. 697 0