Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандық футбол клубтарына еурокубокқа қатысуға сертификат берілді

Қазақстандық футбол клубтарына еурокубокқа қатысуға сертификат берілді

Қазақстандық футбол клубтары биылғы еурокубок жарыстарына қатысу үшін сертификат алды, деп хабарлайды inform.kz тілшісі Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап.
Федерацияда UEFA Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының қазақстандық қатысушыларын сертификациядан өткізу комиссиясының отырысы өтті. Отырыс онлайн-конференция түрінде ұйымдастырылды. Онда еуропалық жарыстарға қатысатын қазақстандық командалардың UEFA-ның сертификация және қаржылық Fair Рlay ережесін орындауы ескерілді.
Нәтижесінде комиссия Нұр-Сұлтан қаласының «Астана» футбол клубының UEFA Чемпиондар лигасына, «Қайрат» (Алматы), «Ордабасы» (Шымкент) және «Қайсар» (Қызылорда) футбол клубтарына UEFA Еуропа лигасы 2020-2021 маусымына қатысуға сертификаттар беру туралы шешім қабылдады.
«Айта кетерлігі, «Астана» футбол клубы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана Арена» стадионын қалпына келтіруді 15 шілдеге дейін аяқтауы қажет. Сондай-ақ, стадионның жасанды жамылғысын FIFA аккредитациясы бар зертханадан сынақтан өткізуі тиіс. Ал «Қайсар» Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы стадионының жасанды жамылғысын FIFA аккредитациясы бар зертханасында жасалған сынақ қорытындысын 1 тамызына дейін тапсыруы керек. Еуропалық жарыстарға қатысатын командалардың футбол алаңдарын сынақтан өткізу жыл сайын қарастырылған» деп жазылған федерация таратқан хабарламада.
Биыл Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы іріктеу сатысындағы ойындарды өткізу жоспары нақтыланды. Еурокубок ойындарының іріктеу сатысы бір кездесуден тұрады. Ол жеребе бойынша анықталады. Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу сатысы 8-11 тамыз аралығында болса, Еуропа лигасында ол 20 тамызда өткізіледі. Сондай-ақ, бұдан бұрын футболдан UEFA Чемпиондар лигасына қатысқан барлық команданың рейтингі жарияланды.
24 маусым 2020 ж. 825 0