Қазақстандық Ник Вуйчич «Ливерпуль» мен «Челси» жұлдыздарымен кездеседі
Екі аяқсыз дүниеге келген Әли Тұрғанбеков «Челси» және «Ливерпуль» футбол командаларының жұлдыздарымен кездеседі. Бұл туралы 11 жастағы қазақстандық Instagram-да жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Достар, мен УЕФА-ның Суперкубогына шақыру алдым. Онда Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының өткен маусымдағы жеңімпаздары - «Ливерпуль» мен «Челси» кездеседі. Қуанышымда шек жоқ», - деп бөлісті Әли.
Ол сондай-ақ бұл сапарды ұйымдастырған УЕФА-ның басшылығы мен қорына, сондай-ақ «Қайрат» футбол клубының Байқаушы кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаевқа алғысын білдірді.
«Баршаңызға және әрқайсыңызға жеке айтарым: ғажайыптар болады және армандар орындалады. Ең бастысы, жақсылыққа сену, іс-әрекет ету, армандау және Тәңірге үміт арту! Барлық адамдар мен балаларды спортқа, белсенділікке, позитивке, армандарға, мақсатқа және мейірімге ұмтылуға ынталандырғым келеді. Бүгін мен аталған командалардың жабық жаттығуына қатысамын!», - деп қосты ол.
Еске салайық, «Ливерпуль» өткен маусымда Чемпиондар лигасының, ал «Челси» Еуропа лигасының жеңімпаздары болды. Командалардың кездесуі 14 тамыз – сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні Түркияның Ыстанбұл қаласындағы 43500 адам сиятын «Водафон Арена» стадионында өтеді. Қазақстанда тікелей көрсетілімді «Qazsport» арнасы жүзеге асырады. Басталуы – 00:45.
Айта кетейік, Әли Тұрғанбеков биылғы көктемде футбол әлемнің жұлдыздары Лионель Месси мен «Барселона» ойыншыларымен кездескен болатын. Бұдан бөлек, қазақстандық оқушы оның алдында өзге де белгілі футболшылар - Андрей Шевченкомен, Неймармен, Киллиан Мбаппемен, Эдинсон Каванимен, Диего Марадонамен, сондай-ақ өзінің кумирі, екі аяқсыз және екі қолсыз дүниеге келген Ник Вуйчичпен жүздескен еді.
https://www.inform.kz/kz/kazakstandyk-nik-vuychich-liverpul-men-chelsi-zhuldyzdarymen-kezdesedi_a3556186