Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бокстан әйелдер арасында Қазақстан чемпиондары белгілі болды

Бокстан әйелдер арасында Қазақстан чемпиондары белгілі болды

Шымкент қаласында бокстан әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты мәреге жетті.
Иорданияда олимпиада жолдамасы үшін өткен турнирде Қазақстаннан жалғыз жолдаманы ұтып алған қостанайлық Надежда Рябец 75 кг салмақта Лондон олимпиадасының қола жүлдегері, елордалық Марина Вольновамен қолғап түйістірді.
Рингке бес жылғы үзілістен кейін қайта оралған Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері М.Вольнова 31-де болса, қарсыласы одан бақандай 11 жасқа кіші еді.
Бұл бәсекеде төрешілер жеңісті бірауыздан Н.Рябецке берді.
Шымкенттік Фариза Шолтай мен қарағандылық Виолетта Князева 81 кг салмақта чемпиондық атақты сарапқа салды. Мұнда Ф.Шолтай қазылардың бірауыздан шешімімен жеңімпаз атанды.
Аса ауыр салмақта (81 кг жоғары) елордалық, 2016 жылғы әлем чемпионы Ләззат Күнгейбаева мен тағы бір шымкенттік Дина Исламбекова шаршы алаңға шықты.
Ләззат 32-ге толса, 20 жастағы Дина жастар арасында әлем біріншілігінде топ жарған болатын. Л.Күнгейбаева 4:1 есебімен кезекті рет ел чемпионы атанды.
Осылайша әйелдер арасында барлық жеңімпаздар белгілі болды. Ерлер арасында финалдық бәсеке басталды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын финалға шыққан боксшылардың анықталғанын, Назым Қызайбайдың Токио олимпиадасының жолдамасын жеңіп алғысы келетінін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Валентина Хальзова олимпиада жүлдегерін ұтты.
www.inform.kz
15 қараша 2020 ж. 631 0