Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Боксшылар толық құрамда аттанады

Боксшылар толық құрамда аттанады

Басқасы басқа, бокс – қазақтың басты спорты. Қазақ былғары қолғап шеберлерінің атағын әлем біледі. Өзіндік мектебі мен мәнері қалыптасқан қазақ боксы бұған дейінгі басты спорттық шараларда жүлдесіз қалған емес. Енді биылға жоспарланған Токио Олимпиадасында да алтынсыз қайтпауды мақсат етіп отыр. Биыл біздің спортшылар Жапония астанасына толық құраммен аттанады.
Қазақстандық спортшылар барлық салмақ бойынша шаршы алаңда өнер көрсетеді. Халықаралық Олимпиада комитеті 2020 жылғы Токио Олимпиадасында бокстан ерлер арасында 8 салмақ бойынша жүлделер сарапқа салынатынын бекіткен болатын. Ұлттық құрамада 69 келі салмақта Абылайхан Жүсіпов, 81 келі салмақта – Бекзат Нұрдәулетов, 91 келі салмақта – Василий Левит, 75 келі салмақта – Әбілхан Аманқұл, аса ауыр салмақта (+91) ел намысын қорғап жатқан Қамшыбек Қоңқабаев және 63 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық боксшы Зәкір Сафиуллин, 57 келіге дейінгі салмақта Серік Теміржанов Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды. Қазақ боксшылары арасынан тек қана 52 келіге дейінгі салмақтағы Сәкен Бибосынов ширек финалда қытайлық қарсыласына жол бергенімен, қосалқы жолдама үшін Филиппиннен келген Карло Пааламмен кездесіп, соңғы жолдамаға қол жеткізді. Сондай-ақ әйелдер боксынан 75 келіде ел намысын қорғаған Надежда Рябец аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирінде Қазақстан әйелдер командасынан жалғыз жолдамаға иелік етті. Сонымен қазақ боксшылары аталған олимпиадалық іріктеу турнирінен ерлер арасында 8, әйелдер боксынан 1, жалпы 9 жолдама жеңіп алды. Күрзі жұдырық спортшыларымыздың бокстан бәсі жоғары екенін білеміз. Осы сайыпқырандар арасында қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаев та өнер көрсететін болады. Ел атынан сынға түсетін саңлағымызға төртжылдықтың басты бәсекесінде жанкүйерлік ететін боламыз. Еске сала кетсек, бұған дейін тәуелсіз ел ретінде бокс құрамамыз 2016 жылы Рио Олимпиадасына толық құрамда барған. Ол кезде Мырзағали Айтжанов жаттықтыратын команда 10 салмақтың барлығында лицензия жеңіп алған еді. Ал оның алдында 1996 жылы Атлантаға – 8, 2000 жылы Сиднейге – 7, Афинаға – 8, 2008 жылы Бейжіңге – 10, 2012 жылы Лондон Олимпиадасына 9 боксшы барған.
«Толқын» ақпарат
15 наурыз 2020 ж. 1 091 0