Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қайсар» жастарға сенім артады

«Қайсар» жастарға сенім артады

Алдағы жылы «Қайсар» негізінен жергілікті ойыншыларға сенім артады. Команда құрамының жартысынан астамын қызылордалық жастар құрайды. Бас бапкер тізгінін қызылордалық маман қолға алуы мүмкін.
– Биыл дүние жүзін дүрбелеңге салған пандемия салдарынан ел біріншілігінің басым бөлігі Алматы қаласында өткізілді. Доп додасында «Қайсар» жанкүйер үмітін ақтайтын деңгейде ойын көрсетті деп санаймын. Командамыз өз тарихында тұңғыш рет еурокубокта бақ сынады. Еліміздің беделді клубтарымен терезесі тең деңгейде ойнап, кейбірінен басым түсті. Жыл басында клубтың бюджеті 4 млрд теңге шамасында бекітілген еді. Пандемия жағдайына байланысты аталған қаржы көлемі 35 процентке қысқарды. Тағы бір айта кетерлігі, бірінші лигада «Байқоңыр», екінші лигада «Қайсардың» жастар құрамы бақ сынады. Олардың әрбірі жанкүйер сенімін ақтады деп ойлаймын, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, командаға негізінен жергілікті жастарды тартуға мән берілді. «Қайсар» құрамында 8 шетелдік ойыншымен бірге қазақстандық 17 футболшы болды. Ал олардың 10-ы – қызылордалық жастар.
Алдағы жылға 1,6 млрд теңге шамасында қаржы қаралады деп күтілуде. Ол «Қайсар», «Байқоңыр» және команданың жас­тар құрамына бөлінеді.
– Дайындықты қаңтар айында бастаймыз деген жоспар бар. Айта кетерлігі, жаңа маусымда команда құрамында негізінен жергілікті футболшылар ойын көрсетеді. Сондай-ақ, бас бапкер қызметін Сұлтан Әбілдаев, Ерлан Шойтымов және Қанат Шерімбетов сынды жергілікті  маманның бірі атқаруы мүмкін. Бұл жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Әзірге биылғы жылғы құрамнан Думан Нәрзілдаев, Ілияс Әмірсейітов, Нұрымжан Салайдинмен келісім-шарт жасалды. Өзге де ойыншылармен келіссөз жүргізілуде, – деді «Қайсардың» бас директоры Серік Досманбетов.
syrboyi.kz
03 желтоқсан 2020 ж. 651 0