Қызылордалық «Қайсар» Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды

Ақтық кездесуде екі клубтың да гол соғатын мүміндіктері болды. Бірінші кезеңде мұндай мүмкіндіктерді екі команда да тиімді пайдалана алған жоқ.
Екінші кезеңде, 67-минутта, атыраулық Петр Гжельчак өз командасын алға шығарған еді. Бұдан кейін көп ұзамай «Қайсардың» капитаны Асхат Тағыберген алаңнан қуылды. Он футболшымен ойнағанына қарамастан 88-минутта қызылордалық команда сапынан Игорь Зенькович таразы басын теңестірді. Бұдан кейін қосымша тағы екі кезең қосылды. Бұл кезеңде қызылордалық Думан Нәрзілдаев 122-минутта өз командасына жеңіс сыйлады. Осылайша «Қайсар» қарсыласын 2:1 есебімен жеңді. Нәтижесінде биылғы Қазақстан кубогының иегері атанды.
Қызылорданың «Қайсары» сырт алаңда 1/8 финалда «Оңтүстік академиясын», ширек финалда Павлодардың «Ертісін» жеңіп кетті. Қызылордалық футболшылар жартылай финалда Қостанайдың «Тобыл» командасын сүріндірді.
«Қайсар» командасы 1999 жылы кубокқа ие болып, ол жолы Өскеменнің «Востогынан» 2:1 есебімен басым түсті. 1998 жылы финалға дейін жетсе, 2007 жылы жартылай финалда бақ сынады.