Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Төрт боксшымыз ширек финалға шықты

Төрт боксшымыз ширек финалға шықты

Бокстан Польшаның Кельц қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем біріншілігінде ширек финалға шыққан жігіттердің алғашқы легі анықталды.

Біздің ерлер сайысында 49 кило салмақтағы Санжар Ташкенбай германиялық Гумияно Гоманнан басым түсті. 56 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ерболат Сабыр бәсеке барысында лавтиялық Матвейс Прокуднисті төрт рет нокдаунға жіберіп, төреші жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатуға мәжбүр болды. 64 кило салмақтағы Сабыржан Аққалықов беларуссиялық Александр Доунарды сабап тастады. 91 кило салмақта сынға түскен салмақта Мәди Әміров иорданиялық Түрки әл-Равшденді бірінші раундта есінен тандырды. Ал қыздар арасындағы бәсекеде Арайлым Марат (48 кило) үндістандық Гитикаға және Милана Аюпова (64 кило) украиналық Марина Стойкоға есе жіберді.

Әзірге ширек финалға төрт боксшымыз жолдама алып отыр. Енді Санжар Ташкенбай келесі айналымда өзбекстандық Иброхим Ишжоновпен, Ерболат Сабыр кубалық Сайдел Хортамен, Сабыржан Аққалықов кубалық Дариан Фавьер Кастромен және Мәди Әміров үндістандық Вишал Гуптамен жұдырықтасады.

egemen.kz
18 сәуір 2021 ж. 736 0