Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Спорт саласына соны серпін керек

Спорт саласына соны серпін керек

Төрткүл дүние көз тіккен Жапониядағы ХХХІІ жазғы Олимпиада аяқталды.Қазақстан сапынан төртжылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан 83-орыннан ғана көрінді. Бұл сайыста АҚШ 113 медальмен бірінші орынға, 88  медальмен Қытай 2-ші орынға ие болып, Жапония 58 медальмен үздік үштікті түйіндеді. Ал Қазақстан құрамасы осы жолы айтарлықтай нәтиже көрсете алмады. Дегенмен, жерлестеріміз 8 қола жүлдені алып берді. Бұл олимпиада тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең сәтсіз ойын болып отыр. Осылайша Токио олимпиадасының тартысты додасы біздегі спорт саласының өз деңгейінде еместігін дәлелдеп берді. Мамандар мұны әртүрлі жағдаймен түсіндіруде.
Бұл турасында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Токиода өткен Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 93 спортшы қатысты. Жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсеткен атлеттерге алғысымды білдіремін. Олимпиаданың қола жүлдегерлерін құттықтаймын.  Бұл ұзақ уақыт бойы жүргізген табанды жаттығулардың жақсы нәтижесі. Ұлттық құраманың Олимпиададағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екенін көрсетті. Бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөліп, сол арқылы әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізуге ұмтылу қажет.  Алайда, 8 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 83-орынға табан тіреген Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді. Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізу керек, – деген еді Twitter жазбасында.
Осы тұрғыда Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов:
– Қазақстанда бокс осы олимпиадада кризиске ұшырады. Оған басты бір себеп – дүние жүзіне келген пандемия. Біздің жігіттеріміз жарыстарға дер кезінде шыға алмай, үйінде қамауда болды. Соның бәрі оларға кері әсерін тигізді. Қазір мен бәріне кәсіби көзқараспен қарап отырмын. Боксшы Сәкен Бибосынов шыққан кезде біраз қателіктер жіберіп жатты. Сол қателігінің кесірінен шешуі кезеңдерде 3:2 есебімен британиялық боксшыдан жеңілді. Боксшыларымыз тактикалық қателіктер жіберіп жатты. Биылғы спортшылардан алдыңғы екі қолымен арақашықтық арқылы соққы жасайтын боксшыны мүлдем көрмедім. Бокстан олимпиадаға дайындайтын орталықты қалпына келтіру керек,– дей келе, алдағы олимпиада бұрынғыдай қалыпты жағдайға келсе, қазақ жігіттері қайтадан алтын ала алатынына сенімді екендігін айтқан.
Төрткүл дүние осы Токиоға телмірген еді. Солардың қатарында біздің аудан тұрғындары да болды. Осы тұрғыда Арал аудандық дене шынықтыру және спорт  бөлімінің басшысы Толыбай Әлжанов:
– Биылғы жарысқа 206 елден 12 мыңға жуық спортшы қатысқанынан теледидардан тікелей трансляциядан хабардар болып отырдық. Қазақстан бірінші рет Олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түрлері – спорттық құзға өрмелеу және каратэ бойынша қатысты. Биылғы олимпиадаға пандемия қатты әсер еткені аңғарылады. Кезінде Рио-де-Жанейро олимпиадасында Қазақстан спортшыларынан алтын алады-ау деген үміт болып еді. Осы жолы әрдайым бір алтын болса да қанжығасына байлап жүрген боксшылардың дайындығы аз болған сияқты. Байқағанымыздай, спортшыларымыздың техника жағынан кемшін тұстары болып жатты. Мұндай сәттер балуандардың бәсекесінде де аңғарылды. Негізі көп спортшылардан алтын алады деген үмітіміз болған еді. Сәтсіздік шығар, бәлкім. Осы олимпиадада төмен нәтиже көрсетуімізде  тек спортшы ғана кінәлі емес... Нәтижеге қарап шұғыл түрде жүйелі ізденіс пен кешенді шаралар қажет екенін аңғаруға болады. Жалпы, бұқаралық және балалар спортын дамытуға баса көңіл бөліп, спорт саласына үлкен өзгеріс енгізу қажет деп ойлаймын,– дейді ол.
Расында, Токиодағы нәтиже спортқа деген көзқарасты өзгертуге алып келуі керек. Шүкір, талантты спортшы мен жаттықтырушылар елде жеткілікті. Ендігі кезекте соларға жағдай жасалуы керек шығар. Ол үшін мүмкіндігінше қазіргі уақыт талабына сай келетін заң нормативтері болуы керек.  Спортпен бірге заманауи спорт медицинасы қатар жүруі қажет. Жалпы, спорттың дамуына кедергі келтіретін шектеулер, кедергілерге мониторинг жүргізіліп, олар мүмкіндігінше азайтылуы қажет. Ондай кедергілер жеткілікті. Жергілікті спорт федерациялары мен жеке спорт клубтары және жекелеген жаттықтырушылардың жұмыс жасау заңдылықтарын жетілдіріп, жеңілдетілуі тиіс. Бұл шаруалар, яғни реформалар Президентіміз атап өткендей, шұғыл әрі сапалы жасалуы қажет. Мұндай өзгерістер ауыл балаларының толыққанды жаттығып, барлық жағдайға қол жеткізуіне жол ашар еді.
Сол ауылдың бір баласы, бүгінде бұқаралық спортты жанына серік еткен Ғасырбек ауылдық жерлерде бұл саланың қарқыны тым кенже қалып кеткеніне қынжылады.
– Соңғы уақытта осы спорт саласы сапа емес, сан қуып кеткен сияқты. Аулалардағы стандарттарға сай келмейтін балалар ойын алаңын «спорт нысаны» деп статистикаға кіргізді. Нәтижесінде бір жылда отыз-қырық осындай ойын алаңдары салынса, соның бәрі спорт нысаны болып есепке енеді. Мен өзім бұқаралық спортпен айналысамын. Арнайы спорттық үйірмелерге бармаймын. Көбіне шынығатын жерлерім қоғамдық орындардағы сопрттық алаңқайлар немесе ақылы негіздегі жаттығу алаңдары. Негізі өзім көп болатын Қызылорда қаласының өзінде ашық аспан астындағы ойын алаңдары баршылық. Бірақ кешегідей күннің ыстығында ол жерлер қаңырап бос тұрады. Қыста да солай. Күн жылыда бір мезгіл аулада жүрген балалар доп қуалайтыны болмаса, басқа уақытта ол алаңдар бос тұрады. Міне, ендігі жерде осындай олқылықтарды жоюға жұмыс жасау керек. Мемлекеттік бағдарлама жасалып, әр аймақтың ерекшелігін есепке алып, спортты дамытуға жұмыс жасайтын кәсіпкерлерді, жеке жаттықтырушылар мен клубтарды жеңілдетілген пайызбен не пайызсыз несиелер қаралуы қажет деп ойлаймын. Бізде Кеңес кезінен сақталған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жүйесі бар. Осы мектептерге ерекше көңіл бөлінуі қажет және барлық жас ерекшеліктеріне орай ашылған мемлекеттік және жеке спорт клубтардың дамуына жағдай жасалуы керек. Үлкен спорттың, кәсіби спорттың негізгі фундаменті осы мектептер мен клубтарда қаланады. Президентіміз айтқандай, спорт саласы – аса маңызды сала. Оны біресе ашып, біресе жауып, қысқартып, қосып аласапыран қылатын болса, ол реформа болмайды. Онда бұл саланың басынан былық арылмайды, – дейді спорт жанашыры Ғ.Аманов.
Спорт саласының сарапшылары биылғы олимпиадада қазақстандық спортшылардың психологиялық және физикалық жағынан әзірлік деңгейі өз дәрежесінде болмағанын айтуда. Мамандар «Олимпиада ойындарына бөлек спортшылар арасында іріктеу жарыстарын өткізіп, кім жеңеді, сол олимпиадаға бару керек» деген  ой-пікірлерін де білдіруде.
Түйін: «Біткен іске сыншы көп» дейді ғой. Қазір отандық спортты сын тезіне алып жатқандар көп. Оларды түсінуге де болады. Өйткені қазақ жанкүйерлері үміт күткен атлеттер бірінен соң бірі жарыстан шығып қалып жатты. Біреулері бар мүмкіндікті жіберіп алды, енді біреулері жеңіске деген құлшыныс танытпады. Басқа-басқа, бірақ спорттың бокс түрінен халық үлкен үміт артады, жеңіс күтеді. Өкінішке орай, биыл спортшыларымыз сенімді ақтай алмады. Үміт артқан жігіттеріміз алғашқы айналымдарда ұшты. Ақыры жартылай финалға 8 боксшымыздың 2-еуі ғана шықты. Мұндай жағдай тәуелсіздік алған жылдардан бері бір рет қана болған. Дегенмен, бүкіл әлемнің спортшылары мен жанкүйерлері ұзақ күткен бұл жарыс тарихта қалатыны сөзсіз. Ендігі міндет –  Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізу болмақ. Ол үшін спорт саласына соны серпін керек.
К. КӨЗДІБАЕВА
14 тамыз 2021 ж. 1 669 0