Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Данқты балуанның ескерткіші ашылды

Данқты балуанның ескерткіші ашылды

Биыл қазақтың әйгілі балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына – 150 жыл. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйытқы болуымен жыл басынан бері еліміздің барлық аймағында батыр бабамыздың есімін ел жадында жаңғырту мақсатында көптеген мәдени, спорттық-бұқаралық, ақпараттық-имидждік іс-шаралар өткізіліп келеді.

Ал күні кеше елордада күш атасы Қажымұқанның есімі берілген Олим­пиа­да резервінің мамандандырылған Рес­пуб­­­ликалық мектеп-интернат-кол­лед­жін­де даңқты балуанның ескерткіші ашылды. Сонымен қатар мерейлі датаға орай «Жас Ба­тыр» спорт кешеніне «Қажымұқан» атауы берілді.

Салтанатты іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов, грек-рим күресінен екі дүркін Олимпиада жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл мен бірқатар спорт және қоғам қайраткері қатысты.

Ескерткіштің ашылуында сөз алған Ақтоты Райымқұлова күш атасы Қа­жы­мұқан Мұңайтпасұлының 150 жыл­дығын атап өтуге еліміздің барлық өңірі бір кісідей жұмылып, ерекше атсалысып жатқанын атап өтті.

«Қажымұқан Мұңайтпасұлы – қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Ол бүкіл ғұмырын күрес өнеріне арнап, елімізді өзге жұртқа паш еткен. Талай белдесуде қарсыласынан айласын асырып, көзі тірісінде ерлігі аңызға айналып үлгерді. Орасан күштің иесі болған балуан бабамыз, күрестің бірнеше түрінен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды.

Жыл басында Қажымұқан Мұңайт­пасұлының есімін ұлықтау, мәңгілікке есте қалдыру мақсатында арнайы Жал­пы­республикалық іс-шаралар жоспары əзірленді. Кешенді жоспарға сəйкес көптеген мәдени, спорттық-бұқаралық, ақпараттық-имидждік іс-шара өткізіліп келеді. Бұл қатарда арнайы пошта маркалары шығарылғанын, «Қажымұқан» көркем фильмінің түсірілгенін айтуға болады. Сонымен қатар еліміздің түк­пір-түкпірінде марафондар, дөңгелек үстел­дер, тақырыптық ашық сабақтар, бірнеше халықаралық конференция мен басқа да іс-шаралар өткізілді.

Бүгін ер есімін ұлықтауға арналған сондай іс-шараның бірінде бас қосып тұрмыз. Елорда төрінде күш атасы Қажымұқан баба­мыздың ескерткішін салтанатты түрде ашқалы жатырмыз. Сонымен қатар қала­мыздағы «Жас батыр» спорт кешені бұдан былай «Қажымұқан» спорт кешені деп аталады. Бұл іс-шаралар балуанға көрсетілген тағзымның шағын да болса, маңызды көрінісі. Алдағы уақытта да аңыз адамның рухын асқақтатып, ерлігін келер ұрпаққа жеткізу біздің мақсатымыз болып қала береді», деді министр.

Айта кетейік, ескерткіштің жалпы биіктігі 5,7 метр (тұғыры – 2,2 метр, мүсін 3,5 метр). Авторлары – Жалын Бауырқан, Болатбек Салаев.

egemen.kz
18 қазан 2021 ж. 765 0