Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда көркем гимнастшылар бар

Ауданда көркем гимнастшылар бар

Спорт десе бізге алып, күшті адамдар керек сияқты болып елестейді. Алайда сұлулықты, әдемілікті паш ететін спорт түрі де бар. Ол – көркем гимнастика. Расында да спорттағы сұлулық дегенде есімізге алдымен көркем гимнастика түседі. Әдемі қимыл, ерекше киім үлгісі, ырғақты қозғалыс осының бәрі спорттың осы бір түрінен табылады. Мұндай спорттың нәзік түрін серік еткен аралдық өрендер де бар.

Гимнастика гректің «жаттығу», «жала¬ңаш» деген сөзінен шыққан. Ежелгі Грекияда гимнастикамен айналысатын адам мейлінше жеңіл киінетін болған. Бас¬тапқыда жаттығудың негізі әскерлерді атты тақымдауға үйретуден басталған. Сонымен бірге соғысқа қажетті өзге де әдіс-тәсілдерді үй¬ре¬туден тұрған. Уақыт өте келе гимнастика Грекияның бі¬лім беру жүйесіне енген. Бірте-бірте ережелер нақ¬тыланып, спорттың сұлу түріне деген сұраныс артты. Ал Қа¬зақстанда 1947 жылы Алматы дене тәрбиесі интернатында көркем гимнас¬тика секциясы ашылған. 1949 жылы гимнастшы-қыздар арасында тұңғыш рес¬пуб¬ликалық жарыс өткен.
Арал көркем гимнастика мектебі 2021 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Жаттықтырушысы Жансая Бисембаеваның айтуынша,алғашқыда аралдықтардың бұл спорт түріне деген көзқарастары онша болмапты.
– Біздің өңір қазақылықтың жері ғой. Бірақ спортта ережемен жұмыс істеу керек. 3 жылға жуық уақыт ішінде өзімнің жұмысымды жемісті етуге тырыстым. Қазірде әсем өнерді түсініп, аудан тұрғындары қыз балаларын беруге асық.Көркем гимнастика мектебіне 6 мен 10 жас аралығындағы қыз балалар қабылданады, – деген Жансая өз жұмысын қалай бастағанын айтты.
Көркем гимнастика – музыка сазымен арнаулы затпен, атап айтқанда, лента, доп, шеңбер, тағы басқа немесе затсыз гимнастикалық жаттығулар комбинацияла¬ры орындалатын қыздар ара¬сындағы жарыс. Ол шұғылданушылардың дене сұлулығын қалыптастырып, эс¬те¬тикалық тәрбие береді. Онда толқынды, серіппелі қозғалыс, би өнеріне тән жүріс, жүгіріс, секіру басым келеді. Көркем гимнастиканы серік еткен аралдық өрендер осы 3 жылдың ішінде республикалық ашық турнирлерде өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болған.
– 2022 жылдың тамыз айында көркем гимнастикадан Олимпиада чемпионы Қазақстан Республикасын көркем гимнастика федерациясының президенті А.Юсупованың Шымкент қаласында өткізген оқу жаттығуына шәкірттерімді апарып, тәжірибе жинап келдік. Жуырда Ақтау қаласында өткен республикалық көркем гимнастика турниріне қатысып, біршама шәкірттерім жүлделі орынға ие болды. Атап айтсам, Амина Теміржанқызы, Айару Жансерікқызы, Томирис Жолдасбай, Сара Матығұл, Саида Нұртай, Даяна Әділ, Раяна Ибадатова, Кәусар Серікбай өз жылдарының арасында топ жарып,бірінші орынды жеңіп алды. Балабақша жасында қатысушыларымызда барған. Олардың арасында АзинаМилят, Жания Ержан, Раяна Ербол, Кәусар Бақытжанқызы бірінші орынды иеленді.Зерделі Талғатова мен Айбибі Айтуған екінші орынмен, ал Айзере Жақаевамен ҰлжанЗәуірхан үшінші орынды жеңіп алды, – деген жаттықтырушы.
Жаттықтырушы Жансаяның негізгі мамандығы – хореограф.Мамандығы бойынша аудандық өнер мектебінде жұмыс істейді.
– Көркем гимнастика спорты би өнерімен туыс спорт түрі, маған осы спорт бала күнімнен ұнайтын.Арманымды мақсатқа айналдырып, Өзбекстан, Ресей елдерінің тренерлерінің оқу жаттығуына мол қаражат, көп уақытымды арнап қыр-сырын меңгеру үшін арнайы оқыдым. Барлық нәрсе тәжірибемен келеді. Жылдан жылға шәкірттерім көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Бастапқыда бала саны аз болған соң зал тарлығы білінбейтін.Ал қазір 50 қыз баланы көркем гимнастикадан жаттықтырудамын. Осы тұста жаттығу залының тарлығы байқалып тұр, – дейді Жансая.
Бұл спорттың ең жас спорт түрі екендігін айтқан жаттықтырушы дамуға, жетістікке жетуге мүмкіндік зор деді.
Көркем гимнастикада жаттығумен қатар қыздар әдемілігін де сақтауы шарт. Бұл орайда талап пен ережені қатаң ұстану тіпті қиын. Бірақ спортты сүйген адам үшін ол кедергі емес. Ендеше, жас гимнастшыларымыздың алар асуы мен бағындырар биігі көп болсын.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
24 қаңтар 2023 ж. 1 000 0