Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан көш бастады

Қазақстан көш бастады

Ұлыбританияның Бирмингем қаласында парадзюдодан IBSA Әлем ойындары өтті. Оған 42 мемлекеттен 300-ден аса спортшы қатысты.

Байрақты бәсекенің ширек финалында Қазақстан ерлер құрамасы Грузияны 4:1 есебімен, жартылай финалда Бразилия құрамасын 4:2 есебімен тізе бүктірді. Ал финалда Өзбекстан құрамасын 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, Әлем чемпионы атанды. Ескеретін жайт, биыл IBSA Әлем ойындарының нәтижесі Әлем чемпионатына теңестірілген болатын.

Бұл дүбірлі доданың жекелей сынында Сыр спортшысы Олжас Оразалыұлы 73 келі салмақта қола медаль иеленді.

Байрақты бәсекедегі белес
Ресейдің Уфа қаласында белбеу күресінен 2006-2008 жылғы жасөспірімдер арасында Әлем чемпионаты өтті.

Бозкілемдегі бәсекеде Сыр спортшылары 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль еншіледі. Үш күнге созылған тартысты ойынның нәтижесі бойынша біздің облыстан ересектер арасында Бейбарыс Сұлтан үздіктер қатарынан көрінді. Ал жастар арасында Алдаберген Нұрымқожа мен Ердәулет Әбдімуталапов жүзден жүйрік шықса, қыздар арасында Аружан Әлмағанбетова, Нұрбибі Ұлықбекова мен Дильназ Жанәбіл мықтылығын дәлелдеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль және дипломдармен марапатталды.

Ел біріншілігінде олжа салды
Ақтөбе қаласында киокушинкай-кан каратэден ел біріншілігі аяқталды. Чемпионаттың мақсаты – қараша айында Алматы қаласында өтетін Әлем чемпионатына мықтыларды іріктеу.

Жарыста Қызылорда облысы командасынан ерлер арасында Әли Мейрамбек қарсылас шақ келтірмей І орын иеленді. Ал 14-15 жас аралығындағы сайыста Мәди Мейрамбек, Бақыт Рахманбердиев ІІІ орынды қанағат тұтты. 12-13 жас аралығындағы бәсекеде Балнұр Серік те осы межені орындады.

Турнирде Қызылорда облысы топтық ката бағдарламасы бойынша ересектер арасында І орынға ие болды.

«СБ» ақпарат

*Сурет ашық дереккөзден алынды
31 тамыз 2023 ж. 520 0