Қызылорданың 578 спортшысы ұлттық құрама сапында
![](/uploads/posts/2020-01/medium/1579578126_1579523389_20sport1.jpg)
Олардың қатарында мұз ханшайымы атанған Элизабет Тұрсынбаева да бар. Ол Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленіп, төрт айналым элемент секірген әйелдер арасында тұңғыш рет тарихқа енді.
Сондай-ақ, АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында Сәпи Есенгелді және Бекболат Рахат жеңімпаз атанды. Облыс тарихында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында бұл алғашқы медаль болып табылады.
Нұр-Сұлтан қаласында еркін күрестен өткен Әлем чемпионатында Дәулет Ниязбеков күміс жүлдені иеленіп, 2020 жылы Токиодағы Олимпиада ойындарына жолдама алды.
Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан өткен Әлем чемпионатында Қамшыбек Қоңқабаев күміс, Тұрсынбай Құлахмет қола жүлделерге ие болды.
Алматы қаласында қазақ күресінен өткен «Әлем барысы» әлем чемпионатында Мақсат Исағабылов қола жүлдені иеленсе, Ақтөбе қаласында қазақ күресінен өткен Әлем чемпионатында Нұрым Сәлімгереев алтын медалді қанжығасына байлады.