Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » УЕФА Еуропа лигасы: «Астана» «Спортингке» есе жіберді

УЕФА Еуропа лигасы: «Астана» «Спортингке» есе жіберді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» УЕФА Еуропа лигасының 1/16 финалы аясында Португалияның «Спортингін» қабылдап, 1:3 есебімен жеңіліс тапты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордалық ұжым алғашқы минуттардан бастап-ақ ойын тізгінін қолға алды. Жылдам шабуылдардың нәтижесінде Марин Томасов дәл соққы бағыттап, есеп ашты.
Бірінші тайм соңына дейін командалар алма-кезек шабуылдағанмен, үзіліске 1:0 есебімен шықты.
Екінші таймда іс насырға шапты. 48-минутта қақпамызға 11 метрлік айып добы белгіленіп, қонақтар сапында Фернандеш есепті теңестірді. Тура екі минуттан соң португалиялықтардың 9-шы нөмірлі форварды Акуна көрсеткен мастер-кластан соң Ж. Мартинш есепті 1:2-ге жеткізді. Көп кешікпей Жорже Жезуш шәкірттері ес жиып үлгермеген елордалық ұжымға үшінші голды да соқты.
Оның үстіне, франциялық төреші Буке өрескелдік танытқаны үшін Юрий Логвиненкоға екінші сары қағазды көрсетіп, алаңнан қуды. Бұл жанкүйерлердің де үмітін сөндіріп тастады.
Ойын соңына дейін дамылсыз шабуылдаған қонақтар елордалық футболшылардың қорғаныс шебіне тыным бермеді. Ал біздің жігіттер оқта-текте қарсы шабуылға шығып отыруға мәжбүр болды. Ойын 1:3 есебімен аяқталды.
Енді "Астана" келесі кезеңге өту үшін Лиссабон қаласында 22 ақпан күні өтетін жауапты кездесуде ерекше ерлік көрсетуі тиіс.
Еске салайық, УЕФА Еуропа лигасы 1/16 финалы аясындағы «Астана» - «Спортинг» командаларының кездесуі елордадағы «Астана Арена» стадионында өтті. Матч әлемнің бес құрлығында тікелей эфирде көрсетілді.
16 ақпан 2018 ж. 1 421 0