Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Футболдан «Астана» командасы Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды

Футболдан «Астана» командасы Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды

Футболдан Еуропа лигасы топтық кезеңінің соңғы ойынын «Астана» командасы Чехия астанасы Прагада «Славиямен» өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Бұл матчта астаналықтарға плей-офф кезеңіне жолдама алу үшін тек жеңіс керек болатын. Сондықтан болгариялық маман Станимир Стойловтың шәкірттері бұл ойынға тастүйін дайындықпен шықты.
Қорғаныста барынша сақ ойнап, сәті келгенде, шабуылдауға тырысты. Әсіресе, оң қапталдан қорғаушы Игорь Шитов шабуылға қосылып отырды.
39-минутта оң қанаттан чехиялық Михал Фрыдрыхтың айып алаңына бағыттаған добы, абырой болғанда, қақпа жақтауына тиіп, сыртқа шығып кетті.
Осыдан кейін алаң иелері тәртіп бұзып, стандартты жағдайдан кейін Патрик Твумаси орындаған допты чехиялық қорғаушылар қайтара алмай қалды.
Есесіне «Астананың» қорғаушысы, босниялық легионер Марин Аничич қақпа алдындағы қарбалас сәтті пайдалана білді. Италиялық төрешілер өзара кеңескеннен кейін голды есептеді. Екінші таймда чехиялықтар көбірек шабуылдауға мәжбүр болды.
49-минутта «Славияның» ойыншысы Яромир Змрхаль қақпаға жекедара шыққанымен, дәл көздей алмады. «Астана» да қарап қалмай, Иван Маевскийдің қауіпті соққысын «Славияның» қақпашысы Ян Лаштувка тосып ала білді.
Көп ұзамай белгілі шабуылшы Томаш Нецидтің соққан добы қақпадан қиыс кетті. Ал оның баспен бағыттаған добы «Астананың» қақпашысы Ненад Эричтің қолынан табылды. 78-минутта тағы да Н.Эрич бұрыштамадан берілген доптан кейін Ван Буреннің қауіпті соққысын қайтара алды. Бұдан кейін чехиялықтардың шабуылы тіпті үдей түсті.
Алаң иелері бірнеше рет қатарынан бұрыштамадан доп бергенімен, елордалықтар қорғанысы сыр бермеді. Ақыры астаналықтар «Славияның» барлық шабуылына төтеп беріп, 1:0 есебімен жеңіске жетіп, Қазақстан футболы тарихында тұңғыш рет плей-офф бәсекесіне жолдама алды. Бұл – әрине, үлкен табыс.
08 желтоқсан 2017 ж. 1 657 0