Финалдың бас кубогі таныстырылды

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан футбол федерациясының жарыстарды ұйымдастыру директоры Бақытжан Пазылхайырмен бірге жаңа стадионға ашылуы алдында арнайы барып, жауапты басшыларға тапсырмалар жүктеді. Халықаралық стандарттарға, УЕФА талаптарына сай, соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған ғимараттың жалпы аумағы 20 мың шаршы метр, жасыл алаңнан бөлек, бокс, күрестің үш түрінің, атап айтқанда, дзюдо, грек-рим, еркін күрес, фитнес, спорттық гимнастика, таэквондо және ауыр атлетика залдарынан тұрады. Келушілерге жыл он екі ай сапалы қызмет көрсету үшін барлық мүмкіндік бар.
Үш қабатты ғимараттың бірінші қабатында жаттығу залдары, екінші қабатында әкімшілік бөлмелер, үшінші қабатында спортшылар үшін және ауқымды жиындар өткізуге арналған бөлмелер қарастырылған. Халықаралық дәрежедегі ауқымды ойындарға дайын. Ашылу салтанаты қарсаңында жаңа стадионның футбол алаңы ФИФА-ның тестілеуінен өтіп, жоғары деңгейлі QUALITY PRO сертификатына ие болды. «Арай сити мол» сауда орталығында финалдың бас кубогі Сыр жұртшылығына таныстырылды.
Облыс орталығында «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені де салынуда. Онда олимпиадалық стандарттарға сай 50 метрлік бассейн, Әлем және Азия чемпионаттарын өткізуге арналған 2500 орындық зал, олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары болады. Құрылысы 2026 жылдың екінші жартыжылдығында аяқталады.
Өңір спортын дамытуда кейінгі үш жылда 20 спорт кешені ашылған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен тағы 6 спорт кешені пайдалануға беріледі. «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен 2 млрд 900 млн теңгеге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеріп келеді. Биыл қордың қолдауымен Шиелі, Жалағаш аудандарындағы жаңа спорт кешендері келушілерге қызмет көрсете бастады.
syrboyi.kz