Толқын Арал аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Кім жылдың үздік ойыншысы атанады?

Кім жылдың үздік ойыншысы атанады?

  "Барселонаның" футболшысы Лионель Месси, "Ювентустың" ойыншысы Криштиану Роналду және "Ливерпульдің" қорғаушысы Вирджил ван Дейк ФИФА нұсқасы бойынша 2019 жылдың үздік ойыншысына берілетін The Best сыйлығына үміткер атанды.
 Үміткерлер тізімі 10-нан 3-ке дейін қысқарып, финалдық кезеңге жолдама алған Месси, Роналду және Ван Дейк жылдың үздік ойыншысына таласатын болады. Бір қызығы, өткен аптада УЕФА-ның нұсқасы бойынша жылдың үздік футболшысына дәл осы үштік үміткер болып, голландиялық футболшы жеңіп шыққан еді.
 Сондай-ақ жылдың үздік әйел футболшысына да үміткерлердің есімі анықталды. Олар: ағылшын ойыншысы Люси Бронз ("Лион") және америкалық Алекс Морган ("Орландо) мен Меган Рапино ("Рейн").

  Үздіктердің үздігін ұлттық құрамалардың бас жаттықтырушылары мен капитандары және жанкүйерлер мен журналистердің дауыс беруі арқылы анықтайды. Барлық төрт топтың да дауысы 25 пайыздан есептеледі.
 Тамыз айының соңында Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясы (ФИФА) жылдың үздік голына берілетін Пушкаш сыйлығына үміткерлердің де тізімін жариялаған еді. Жылдың үздік голын анықтау үшін дауыс беру 1 қыркүйекке дейін жалғасып, соның нәтижесіне қарай көп дауыс жинаған үш футболшы финалдық кезеңге өтті. Олар: аргентиналық Лионель Месси ("Барселона"), колумбиялық Хуан Кинтеро ("Ривер Плейт") және венгриялық Даниэль Жори ("Дебрецен").
  Жеңімпаз 23 қыркүйек күні Милан қаласындағы "Ла Скала" театрында өтетін The Best іс-шарасында белгілі болады. Сондай-ақ бұл кеште 2019 жылдың үздік футболшысы, әйелдер арасындағы үздік футболшы, үздік жаттықтырушы, әйелдер арасындағы үздік жаттықтырушы, үздік қақпашы, FIFA Fan Award (жанкүйерлерге арналған жүлде) және таңдаулы құрамға енген футболшылар да анықталады.
ФИФА бұл марапатты 1950 жылдары "Алтын команданың" құрамында болған даңқты венгриялық футболшы Ференц Пушкаштың құрметіне тағайындады. Халықаралық футбол тарихы және статистика федерациясы Ференц Пушкашты ХХ ғасырдың үздік футболшылары тізімінде 6-шы орынға жайғастырған. World Soccer журналының нұсқасы бойынша 7-ші, Guerin Sportivo нұсқасы бойынша 6-шы орында тұр. Атақты France Football басылымы да Пушкаштың ХХ ғасырдың үздік ойыншыларының қатарына қосқан. Сондай-ақ ол Венгрия футболының тарихындағы ең үздік ойыншы атанған.
03 қыркүйек 2019 ж. 251 0