Тасжүрек
Ауыл шетіндегі бір үйде екі әйел, бір еркек тұрады.Үшеуі де қартайған. Сырттай қараған адам екі әйелдің бірін бәйбіше, одан бес-алты жас кішісін тоқалы деп ойлауы мүмкін. Себебі шалдың ас-ауқатын беретін де, кір-қоңын жуатын да сол. Бірақ шалдың қасына ешкім жатпайды. Екі әйел бір бөлмеде, шал жалғыз өзі түкпіргі бөлмеде. Неге екені белгісіз, бұл кісіге немерелері де көп жолай бермейді. Ал жалғыз ұлы әке деп иіліп тұрғанымен, шал көп ашыла қоймайды. Лажы болса, ұлының көзіне түскісі келмейді. Көбіне саяқ жүреді.
Өмір бойы аңдамай айтқан бір ауыз сөзі үшін өзін іштей кеміріп жеп келеді. Әйелі де сол сұмдық сөзін еш кешіре алмады. Бір шаңырақ астында тұрып жатыр демесең кемпірі үшін шалының бар-жоғы бәрібір. Баяғыда-ақ оған деген сезімі де, сенімі де сөніп, жүрегі қатып қалған.
…Күйеуі қаншама рет жылап кешірім сұраса да жүрегі еш жібімеді. Жас кезінде талай рет басы ауған жаққа кетіп қалып та жүрді.Тіпті бір рет күйеуі қайтқан бір келіншекпен бас та қосты.Перзент сүйе алмады.
Ақыры әйеліне қайта оралды. Кей күндері үйде әйелі жоқта жалғыз ұлын бауырына басып еңкілдеп жылайтын.Ұлы ол кезде кішкентай. Әкесінің неліктен жылайтынын біле алмады. Анасының әкесін көрсе неге кірпідей жиырылып қалатынын да түсінбейтін. Ешқашан екеуінің емен-жарқын отырып әңгімелескенін көрмепті. Әкесі үнемі түзде жүретін. Анасы оны іздемейтін, сағынбайтын. Бір дастархан басында отырып ас ішкен күндері де тым сирек еді.
Жалғыз ұлы жиырмаға толып, үйленемін дегенінде әкесі қатты қуанған. Үйге келін келсе әйелі өзгеріп, бұған басқаша қарайтындай көрінген. Қайдан, өзгерген ешнәрсе жоқ. Келін келді. Беташар жасалды. Ертеңіне әйелі енді құдағидың өздерімен бірге тұратынын айтты. Себеп, жалғыз қызынан басқа ешкімі жоқ.
Құдағи біржола көшіп келген соң үшеуі бір үйде тұрды да жапсарлас салынған үйге екі жасты бөлек шығарды. Екі құдағи бір-бірімен сыйласып жақсы тұрды. Құдағи басында құдасымен де шер тарқатып әңгімелескісі келген. Бірақ құдағиының көңіліне қарап, алаңдай берген. "Бұл күйеуіне неге соншалық суық? Неге екеуінің бір жастықта басы қосылмайды? Құда қақ-соқпен ісі жоқ, жап-жақсы адам ғой" деп ойлайтын. Құдасына қатты жаны ашып, қызына «қарағым, атаңның жағдайын жаса. Иіліп қызмет істей бер» деп ақылын айтатын. Құда жас күнінде не бүлдірді екен? Кешірмейтіндей қандай іс жасаған? Құдағиды осы ой мазалап, тыныштық бермейтін еді.
Арада алты ай өтті. Қызы тұңғышына аяғы ауыр еді. Бір күні мазасы болмай ерте жатып қалды. Үйде құдасы да, күйеубаласы да жоқ болатын. Екі құдағи сүт қатқан қою күрең шайды ұзақ ішті. Құдағи өзінің марқұм күйеуі жайлы айтып «адамның асылы еді. Әттең, тым ерте кетті. Ол тірі болғанда ұл да туар едім ғой… Осы үйге амалымның жоғынан келген жоқпын ба? Ай, бір кем дүние-ай!»–деп көзі жасаурап, жалын ата күрсінді.
Сосын күтпеген жерден «сіз осы құданы неге жек көресіз? Жастау кезінде көңіліңізді қатты қалдырған-ау шамасы. Дәу де болса араларыңызға әйел кіріп» дей беріп, сөзінің аяғын жұтып қойды. Тіктеп қараса, құдағиының жүзі өрт сөндіргендей екен. Екі көзінен парлай аққан жас бетін жуып кетіпті.
Бір кезде дауысы қарлыға шығып "Құдай-ай, жанымды қаншама жыл өртеп жүрген бір сыр бар еді. Бұл сырды менің әкем мен анам білуші еді. Ешкімге айтпай, өздерімен бірге көрге әкетті. Осы беріде құдаңның өзі күйіктен ішіп отырып, жылап, мастықпен бір досына айтыпты. Мені тасжүрек деп кінәлапты. Тасжүрек мен бе? Ол ма? Бәрін бір Алла көріп тұр ғой. Айтайын сізге. Тағдырдың тауқыметін бір кісідей-ақ тартқан жансыз. Бәрібір біреулер арқылы құлағыңызға жетер. Тек менің ұлым мен сіздің қызыңыз бұл әңгімені естімесін. Жас қой, олар. Жүректері ауырар. Сізге айтуға аузым да барар емес. Ол… Ол тасжүрек жалғыз ұлын сойып жемекші болған. Бұл ашаршылық жылдары болған оқиға еді…
– Ойбай, Құдайым-ау, не дейді? Сұмдық-ай! Керең болғыр құлағым не естігелі тұр? Осылай деген құдағидың өңі бұзылып кеткендей болды. Бірақ сабыр сақтап, әңгімені аяғына дейін тыңдайын дегендей құдағиына жақынырақ отырды. Ол әңгімесін әрі қарай жалғастырды:
…Ел басына нәубет келіп, ашаршылық жайлаған уақытта менің құлыным төрттен енді ғана асқан еді. Атам ілгеріде көз жұмған. Енем мен күйеуімнің жалғыз қарындасы аштықтан өлді. Далада кездескен саршұнақ пен кірпіге дейін ұстап, пісіріп жедік. Тірі қалу үшін не жемедік? Небір шөптің тамырын жеп, тасбақаны да, жыланды да қорек еттік. Жаяу-жалпы шұбырып бара жатқан жұрттың соңынан ілесіп көп жүрдік. Ұлымды біресе мен, бірде күйеуім арқалайды. Не тапсам да әуелі кішкентайымның аузына саламын. Өзім өлсем де, аштықтан соны аман алып қалсам деймін.
Бірде құлыным қатты ұшынып ауырды. Жүріп-тұруға шамасы болмай, аппақ қудай болып жатып қалды. Түннің бір уағына дейін сандырақтап ұйықтай алмады.
–Апа, апа,–деп әлсіз қолдарымен кеудемді тырмалай берді. Бір кезде шаршап, мен де, ұлым да талықсып ұйықтап кетіппіз. Таң ата түс көріппін. Түсіме боз айғырға мінген әкем кіріп "орныңнан жылдам тұр да баланы ұшықта. Тәуір болады. Кері қайтыңдар. Тауға қарай. Мені іздеп табыңдар" деді. Таң енді атып келеді екен. Ұлымды ұшықтау керек, ұшықтау керек деп қайталай бердім. Әбден қалжырап қалғандыкі ме санама қалай, немен ұшықтау керектігі келер емес. Бір уақытта өзімнің кішкентай кезімде анамның мені қалай ұшықтағаны есіме түсті. Дереу күндіз көрген, су ағып жатқан арыққа қарай жүгіре жөнелдім. Су болар-болмас шылдырап жатыр екен. Жата қалып, аузымды суға толтырып алдым. Суды жұтып қоймауға тырысып, күйеуім мен ұлым жатқан жаққа қайта жүгірдім. Келдім де көзін зорға ашып, әлсіреп жатқан ұлымның бетіне бүркіп жібердім. Қорыққанынан қатты селк ете қалған ұлым «апа» деп бақырды. Оның дауысынан әкесі де шошып оянды. «Ұшықтадым ғой сені, енді жазыласың» деп ұлымды құшақтай алдым. Ұлым көзін жұмып, қайта ұйықтап кеткендей болды.
Күйеуіме әкемнің түсіме кіргенін, ұлымыздың енді тәуір болатынын, әкемді тауға іздеп баруымыз керектігін айттым. Мұны естіген күйеуім қатты ашуланды. "Бұл не сандырақ? Әкең мен шешеңді көрмегелі үш жыл болды. Баяғыдай жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп бағып жүрген малы да жоқ. Сеніп жүрген байдың бар малын конфиске жасап, өзін итжеккенге жер аударып жіберген. Мынау ашаршылықта сенің кәрі әке-шешең түгілі, жастардың өзі қынадай қырылып жатыр.Олар өлі ме, тірі ме, Құдай білсін? Мүмкін әлдеқашан сүйектері қурап қалған шығар. Түс көрдім дейді ғой. Түс-түлкінің боғы. Мына алдымызда шұбап бара жатқан жұрт қайда барса сонда барамыз. Солар не жесе, біз де соны жеп аман қалудың жолын іздейміз…
Күйеуімді көрген түсіме сендіре алмасымды білген соң үнсіз қалдым. Көп ойландым. Расында әкемді қай таудан іздеймін? Тұрмысқа шығып, ұлды болған соң әке-шешемді бір-ақ рет көрдім. Жалғыз қыздарының ана атанып, ұлды болғанын естіген ата-анам ұлыма бәсіре деп тай атаған.
Ол да бір молшылық заман еді-ау. Өзім үйімде бір сиыр, бір бие сауатынмын. Құрт қайнатып, май шайқап, дастарқанымыздан ақ үзілмей отыратын берекелі отбасы едік.
Табаға нан жауып, қып-қызыл болып піскен нанның бетіне сары май жағып, енеме ұстататынмын. Енем нанды әдемілеп турап біздің алдымызға тастайтын. Шөлдей қалсақ, мұздай су емес қымыз немесе айран ішкенді жақсы көруші едік. Жолаушылап бара жатқан жандарға да ағарған құйып беретінмін. Осындай жаймашуақ, бақытты күндер көзден бал-бұл ұшты.Тып-тыныш, мамыражай тіршілік кешіп жүрген ауыл адамдары біртіндеп қолындағы барынан айырыла бастады. Ақыры мынандай бейшара күйге ұшырадық. Аштықтан қынадай қырылып жатқан адамдардың жазығы не?..
Менің ойымды ұлымның «апа, нан жеймін» деген әлсіз дауысы бөліп жіберді. Ұлымның беті бері қараған сияқты. Қуанып кеттім. Қазір күнім, қазір дей бердім. Біздің нан жемегенімізге бір айдай уақыт болып еді. Исінің өзіне зар болып қалдық. Қанша аштық қысса да әлі керек болып қалар деп орамалымның ұшына түйіп, ешкімге көрсетпей мойныма іштен асып алған бір уыс бидай бар еді. Содан титтей алып, ұлымның аузына салдым. Ұлым кешегідей емес, басын көтеріп отыруға жарап қалғандай. Аузына салған бидайды сорып жатып "апа, ауылға қайтайықшы" деді. Оның бұл сөзін естіп, еріксіз жылай бердім.
Бір уақытта жеуге бірнәрсе іліге ме деп кеткен күйеуім келді. Екі қолы бос, зорға теңселіп келеді. Ендігі жерде кең мынау құла түзде біз жейтін ешнәрсе қалмағандай. Әлі барлары бізден көш ілгері кетіп қалған. Бидайдан кішкене алып, күйеуіме бердім. Ол жалма-жан аузына салып, дәмін ала бастады. Бір уыс бидай біздің ең соңғы азығымыз еді. Қос уыс бидай мен қос уыс талқанды енем екеуміздің күміс сақина-білезігімізді беріп алған едім. Бір уыс бидай мен талқанды енем алып, қайын сіңілімді ертіп нағашысының ауылын жағалап кетіп еді. Кейіннен олардың қайтыс болып кеткенін естідік. Бұл хабарды естігенде әбден жыладым. Дәл бүгін бір тоқтамға келе алмасақ, бізге де ажал жақын қалғандай еді…
"Әкең тірі! Іздеңдер! Әйтпесе аштан өлесіңдер!" дейді ішкі бір дауыс. Сол сәт ұлыма қарасам, орнынан тұруға талпынып жатыр екен. Бойы сергіп, жазылып қалыпты.
Алыстан мұнартып тұрған тауға қарадым. Одан басқа бұл маңда тау жоқ. Әкем сол тауда. Қалайда сол тауға жетуіміз керек!
– Анау таудың етегіне жетейік. Бидайымыз бар. Жолай кездескен, бұйырған нәрсені талғажау етерміз. Көрдің бе, ұшықтап едім, балаң да жазылды. Әкем түсіме бекер енген жоқ. Ол бізді аштықтан құтқарады. Біз өлмейміз,– дедім күйеуіме. Бұл жолы ол маған қарсылық білдірмеді. Күн тас төбеге көтерілгенде біз ұлымызды кезек-кезек арқалап тауды бетке алып, жылжып бара жаттық…
Аш адамның жүрісі қайбір өнсін? Екі-үш шақырымнан кейін-ақ қалжырап қалғандаймыз. Есіл-дертіміз аш өзекті жалғар, ыстық сорпа болар бір нәрсе кездессе дейміз. Қас қылғандай көзімізге ешнәрсе түсер емес. Бір уақытта жолай бір төмпешік кездесті. Байқап қарасақ, ана жерде, мына жерде жыланның іні бар секілді. Қолына таяғын ұстаған күйеуім төмпешікті шыр айналып шықты. Әбден ашыққандықтан кеңірдегі сорайып шығып, өңі түтігіп кеткен оны аяп келемін. Өзімнің де оңып тұрғаным шамалы. Көзім ішіне кіріп, шүңірейіп, екі қолым тарамыстанып қатып қалған. Әйтеуір кеудемде жан бар. Арқамда ұлым. Күйеуімнің арқасында кішкене құрым киіз, бір алаша. Біресе сорпа, біресе шай қайнатып ішетін темір тостақ. Үстіміздегі киіміміз еш шешілмейді. Су кездескенде ғана бір шайып, тер иісін кетіріп қайта киіп аламыз.
Күн ұясына батып бара жатыр еді. Әлім құрып жерге отыра кеттім. Ұлым да арқамнан сырғып түсіп, аспанға қарап қимылсыз жата берді. Кенет дәл қарсы алдымда ақ түсті бірдеңенің ирелең ете қалғанын көрдім. Жылан екен. Жер бауырлап төмпешікке қарай жылжып барады. Артынан жайлап ілесе бердім. Қолымды бұлғап күйеуімді де шақырдым. Ол қалайда жыланды ініне жеткізбей таяқпен ұрып өлтіруі керек. Бізге бұйырып тұрған ас па, әлде жыланның көзі көрмей ме жүрісі тым баяу. Жыланды күйеуім таяқпен қақ бастан қатты бір соғып еді, қимылсыз қалды. Екеуміздің сол сәттегі қуанғанымыз-ай! Ол дереу жыланды таяқтың ұшымен жерден көтеріп алды да «ыстық сорпа ішетін болдық-ау» деді. Жаңадан бері байқамаппыз, дәл осы кезде жасы бізбен шамалас, өздері аш әйел мен еркек жанымызға келіп, жыланға жұтына қарап тұр екен. Менің көзіме олар ірілеу көрінді. Екеуінің жыланды әлімжіттік жасап, тартып алуы да мүмкін еді. Соны сезгендей күйеуім қалтасынан өткір бәкісін шығарып, ұшын кірш еткізіп жыланның басына қадады. Төртеумізде де үн жоқ. Іштей арбасып тұрмыз. Екі аш бізден жыланды тартып алмақшы. Олардың бұл маңнан оңайлықпен кетпейтінін білген күйеуім бәкіні оң қолына ұстап, жыланды сол қолына орап бар дауысымен "кетіңдер бұл жерден" айқай салды. Олар кейін шегіне берді. Әкесінің дауысын естіген ұлым орнынан тұрып, бізге қарай келе жатыр екен. Екі ашқа жаным да ашып тұр. Бірақ жалғыз жыланды олармен бөлісер жағдайда емес едік. Күйеуіме төбешіктен аулақтау кетіп, қонуға әрекет жасайық, дедім.
Біраз ілгері жүріп, киізді жерге төсеп, ұлымды отырғыздым. Жыланның терісін сыпырып алған күйеуім бөліп-бөліп темір тостаққа салып берді. Астына от жағып, қайнатып жатырмын. Шіркін, оттың жылуы-ай! Тоңази бастаған денем жылына бастағандай. Бір сәт өзімді өз үйімде, ошақтың басында от жағып, қойдың етін пісіріп отырғандай сезіндім.
Көп ұзамай жыланның еті де пісті. Темір тостақты ортаға алып, бір ағаш қасықпен кезек-кезек сорпа ішіп отырмыз. Ыстық сорпа денемізді жылытып, әл бергендей болды. Өлмейтінімізге көзіміз жеткендей екеуміз де көңілдене бастадық. Ұлым басын менің тіземе қойып ұйқыға кетті. Күйеуіме түнде отты өшірмей, сергек болуымызды ескерттім. Бағанағы екі аштың қайта айналып соғып, ұлымызды алып кетуінен қатты қорықтым…
Құдай сақтап, түніміз тыныш өтті. Әлгі екеуі де жыбырлаған бірдеңе тауып, аш өзектерін жалғады ма, әлде өздері бізден қорықты ма, әйтеуір қайтып қара көрсетпеді.Таң ата біз үшеуміз де әлденіп тұрғандай болдық. Суды қайнатып, ішіне бір шөкім бидай салып ішіп алған соң, жолға шықтық. Тау жеткізер емес. Күн шыжыған ыстық. Түске таман тағы да әліміз құрыды. Жерге киізді салып, үш таяқты бір-біріне байлап,үстіне алашаны жауып көлеңке еткендей болдық. Қарны ашқан ұлым анда-санда қыңқылдап тамақ сұрайды. Орамалымның ұшына түйген бидайдан титтей алып, оның аузына салдым. Бұл жолы бидайдан өзім де жемедім, күйеуіме де бермедім.
Бидайдың мүлдем аз қалғанын көрген соң, ойыма небір нәрселер орала берді. Біз өлсек те, жалғыз ұлым аман қалса екен. Елден бір адамдар шығып, аштарды жинап жүр деп те есіткен едік. Ең болмаса ұлымды солардың қолына табыстап барып, көз жұмсақ деп те ойладым. Бірақ біз жұрттан мүлдем бөлектеніп кеттік. Тауға, әкемді тапсам деген үмітпен келе жатырмыз. Біраз жатып демалып алған соң тағы да алға жылжи бастадық. Жүріс өнбейді. Ілгері кеткен аяғымыз кейін кеткендей бола берді.Теріп жейтін де, ұстап жейтін де ешнәрсе жоқ. Құлазыған далада екеуміз үн қатпай келеміз. Ұлым тіптен әлсірей бастады. Оған үш-төрт түйір бидай бердім.
Сол түні күйеуіміз екеуміз нәр сызбай жаттық. "Ертең тау етегіне жетіп жығыламыз. Шыдайық" дедім әкесіне. Ол үндемеді. Түнде күйеуім сандырақтай бастады. Түні бойы шошып, қасқыр келіп қалды деп бәкісін жалаңдатып шықты. Таңертең жүзіне қарасам, екі көзі құтырған иттің көзі сияқты қып-қызыл. Орнынан тұрып, тіл қатпаған күйі бәкісін қайта-қайта қайрай берді. "Әне, таудың етегі көрініп те қалды.Тауға жетсек өлмейміз" деймін оған. Ол мені мүлдем естімейді. Құлағы таскерең сияқты. Бір кезде үлкен бір тастың үстіне теріс қарап отырды. Бірақ бәкісін қайрауын тоқтатар емес. Жайлап оның жанына келдім. Таудың жап-жақын қалғанын тағы да айттым. «Әзірге кеудемізде жан бар ғой, алға қарай жылжи берейік. Саған не болды? Бәкіңді неге қайрай бересің? Қалтаңа салып қой. Жейтін бір нәрсе кездессе керек болар» дедім.
Менің сөзім миына қонғандай болды ма, күйеуім бәкісін шалбарының қалтасына салды. Сосын ұйықтап жатқан ұлының жанына барып, бетіне ұзақ үңілді. Оның жуық арада қозғала қоймайтынын білген соң жанына бардым. Әуелі ұлымды оятайын деп қолыммен басын ұстап едім, жанып тұр екен. "Апа, су ішемін" деді зорға көзін ашып. Аузына аз ғана су тамыздым. Үшеуміздің де халіміз сәт санап төмендеп бара жатқандай. Тезірек алға жылжымасақ, дәл сол жерде жан тапсыратын сияқты сезімде болдым. «Тұршы орныңнан! Осы маңнан жейтін бір нәрсе табайық. Балаң да әлсіреді, өзімізде де қауқар қалмай барады. Тауға жетсек, аман қаламыз» деп күйеуімді орнынан тұрғызып, жақын маңнан қыбырлаған жәндік іздей бастадық. Маған бұл жолы ешнәрсе кездеспеді. Күйеуім бір сарышұнақтың соңынан әбден қуып діңкелепті.Тіпті інін де қазған екен, зым-зия жоқ дейді.
Ыстықтан тіліміз салақтап, ұлымыз жатқан жерге қайтып келдік. Көзіміз қарауыта бастады. Күйеуімнің жақ сүйектері шығып, екі көзі ішіне мүлдем кіріп кеткен екен. Бір кезде ол маған өңі түтігіп, ызалана қарап «Тауда бізді кім күтіп тұр еді? Неге жұртпен бірге жүре бермедік? Енді осы жерде аштан өлетін болдық қой. Мына бала да көпке ұзамас. Басын көтере алар емес. Үшеуміз бірдей босқа өлгенше, бір амалын жасайық. Аман қалсақ,тағы бола жатыр… Осы бала арам өлмей тұрып…Құрбандыққа шала салайын…» деді. Оның соңғы сұмдық сөздерін естігенде менің жүрегім тас болып қатып қалғандай болды…
Күйеуімнің аузынан шыққан суық сөзден кейін орнымнан қозғала алмай қалдым.Тұла-бойым түгел мұз болып қатып қалғандай. Ойбай салып, бірдеңе дейін десем де үнім шықпайды. Бейнебір тілімді жұтып қойғандаймын. Сол сәттегі күйімді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Бар ойым – басын көтере алмай киіз үстінде жатқан ұлыма жету болды. Орнымнан тұруға үш рет әрекет жасадым. Ақыры тұра алмаған соң оған қарай еңбектей бастадым. Қолыма, тіземе кіріп жатқан тікендерді де елемедім. Көзімнен парлай аққан жас тыйылар емес. Ұлыма зорға жетіп, оны құшақтай құладым.
Оның кіп-кішкентай, әлсіз саусақтарын ұстағанымда одан сайын егілдім. Бір кезде әлгі тастың үстінде тас мүсіндей қатып, теріс қарап отырған күйеуіме қарадым. Ол маған әлі райынан қайтпағандай көрінді. Тұла бойымды қорқыныш биледі. Көз алдыма қайта-қайта қайралған өткір бәкі келе берді…Сол кезде қуаттың қайдан келгенін білмеймін, орнымнан ұшып тұрдым да ұлымды арқама салып, тауға қарай қаша жөнелдім. Артыма қарай-қарай қашып келем… Ол орнынан әлі қозғалар емес.
Соңғы рет тағы бір қарағанымда аяғым әлдебір шөпке ілініп, омақаса қатты құладым. Ұлым арқамнан ұшып түсті. «Апа» деп бақырып жіберген кішкентайымды көтеріп алдым да, қайтадан жерге жалп етіп отыра кеттім. Әлімнің құрығанын анық сездім. Екі жамбасым жерге жабысып қалғандай, қозғала алар емеспін. Баламды кеудеме қысып қимылсыз отыра бердім. Екі көзім күйеуім қалып кеткен жақта.
– Апа, су ішемін, – деді балам. Судың қалып кеткені енді есіме түсті. Артқа қайта алмаймын… Жанымның қиналғаны соншалық, маңдайымнан суық тер бұрқ ете түсті. Тамағыма ащы өксік тығылды. Не істерімді білмей шандыр боп қатып қалған мәмемнің ұшын баламның аузына салдым. Балам әлсіз ернімен бір-екі рет сорды да қойды. Бір уақытта күйеуімнің алыстан қарауытқан сұлбасы көрінді. Ол қалып кеткен заттарды арқалап жайлап бізге жылжып келеді екен. Жүрегім кеудемнен шығып кеткендей болып қатты соға бастады. Не істерімді білмей аласұра бастадым. Өзімнің енді орнымнан тұрып бір қадам да жасай алмайтынымды анық сезіндім. Көзімнің жасы көл болып төгілді. Көз жасым баламның бетін түгел жуып жатты. Кенет екі қолым өзінен-өзі көкке қарай көтеріле берді де «Е, Құдайым! Бізді құтқара көр! Ол енді ұлымен қоса мені де сойып жер. Оның қарнын тойдырар азық бере гөрші!» деп ұзақ жыладым. Дәл осы сөздерді қанша рет қайталап айтқаным есімде жоқ. Екі қолымды көкке жайып ұзақ отырдым. Бір қарасам, күйеуім жақындап қалған екен. Ал оның арт жағында аппақ бір құйын келе жатыр екен. Енді мен күйеуімнен емес, құйыннан қорықтым. Жас кезімде ойнап жүрген кішкентай бір баланы осындай бір құйынның елсізге домалатып кеткенін көріп едім. Бар ойым ұлымда болып кеудеммен басып жата қалдым…
…Құдайдың құдіретінде шек жоқ екендігіне сол күні анық көзім жетті. Бір кезде басымды көтерсем, дәл қасымызда күйеуім тұр. Қолында бір аяғы жұлынып кеткен қара қарға. Әлі де болса қорқынышым басылмай денем дір-дір етеді. Ол жайлап екі тізесін бүгіп, қасымызға отырды.
«Мені кешір! Мені қара басты ғой. Шайтан азғырды. Кешір! Енді менен қорықпа. Жаман ойым үшін Құдайдан жылап кешірім сұрадым. Мына семіз қара қарғаны азық етсін деп бізге Құдай берді-ау. Келсем, дәл жандарыңда жатыр екен. Не болса да жаңағы құйын бір жақтан ұшырып әкелген болар. Мен мұның жүнін жұлып берейін. Сен тез пісір. Баламыз ыстық сорпа ішсін», – деді.
Күйеуімнің бетіне қарағым келмеді. Жүрегімде оған деген жылылық мүлдем қалмағандай. Сонда да айтқанын екі етпей үйренген басым, үнсіз орнымнан сүйретіле тұрып, суы бар ыдысқа қол создым. Әуелі ұлыма азғантай су жұтқызып, сосын өзім іштім. Темір тостақтың ішін бір шайып, су толтырдым, әр жерден бір жалпақтау тас жинап, бір-бірінің үстіне қойып қалап шықтым. Демде кішкене ғана тасошақ пайда болды. Үстіне су толы темір тостақты қойдым. Сосын қурап қалған шөптердің тамырын әлім келгенше тартып, біраз жинап алдым да, от жағудың қамына кірістім. Күйеуім де қарғаның жүнін жұлып бітіп, боршалап жатыр екен. Сәлден кейін-ақ етін сумен бір шайды да, қолыма әкеп ұстатты. Қарғаның етін темір тостаққа салып, астына от жақтым. Күйеуім ұлының қасына барып отырған екен. Оң қолымен баласының басын сипап, терең ойға батып кетіпті. Бұл жолы мен одан қорыққан жоқпын. Оның ұлына деген мейірімі қайта оянғандай. Көзі жасаурап, өкініп отырғанын анық байқадым…
Менің ең жақсы көретін жерім ошақтың басы. Жанып жатқан отқа қарап, ойланып отырғанды бұрыннан жаным сүйетін. Бұл жолы да сол ойлар мені артта қалған күндерге қалай жетелей жөнелді. Есіме ұлымның қалай дүниеге келгені түскені…
«Осы ұлым Аққозымды алты жыл дегенде зорға көтеріп едім. Үш жылға дейін болып қалар деген үмітпен жүре бердік. Оның үстіне жаспын ғой. Он алтымда келін болып түскенмін. Енем де жайлы адам еді. Неге көтермей жүрсің деп артық-ауыс әңгіме айтпайтын. Тек үш жылдан кейін ғана мені тәуіп, емшілерге көрсете бастады. Бірақ біз балалы болмадық. Сонда да үміт үзбей, Алла берер деп жүре бердік. Бір жылы көктемде бір ала қойымыз аппақ қозы туды. Басы ғана ала да денесі аппақ. Өзі сондай сүйкімді еді. Сол қозыны туғаннан жақсы көрдім. Кейде басқа қойларды саусам да, оның енесін саумайтынмын. Енесінің сүтін бір өзі қанып ішсін деуші едім. Сол ақ қозы марқа қозы, сосын тоқты болды. Енесімен бірге өріске шығып жүретін. Бір күні алдыңғы оң аяғы мертігіп, ақсаңдап келді. Күйеуім қарап көрді де «ертең бұл жүре алмайды-ау, таңертең орнынан тұра алмаса соя салу керек» деді. «Қайдағыны айтпашы. Сойғаны несі? Ертең-ақ жүріп кетеді» дедім, ақ тоқтымды қимай.
Сол күні ет асып, кешкі асымызды енді ішейін деп жатқанымызда сырттан бір аттылы кісі келді. Алыстан келе жатқан жолаушы екен. Баратын жері алыс екенін айтып, күйеуімнен қонуға рұқсат сұрады. Күйеуім екі сөзге келмей құдайы қонақтың атын байлап, өзін киіз үйдің ішіне кіргізді. Мен пісіп тұрған даяр асты дастарқанға қойдым. Әлгі жолаушы көп сөйлемейді екен. Бәрімізге барлай қарап, үй-ішін жаймен ғана көзбен шолып отыр. Тамақ ішіп болған соң асық жіліктің асығын алып, бәкісімен жақсылап тазалап, енеме ұсынып "мына асықты немереңізге берерсіз" деді. Енем қапелімде не дерін білмеді ме "немерені қайдан көріп отырсыз? Құдайым бізге бір шикіөкпені қимай жүрген жоқ па?" – деді. Қонақ үндемеді.
Бірақ осы әңгімеден соң маған көз қиығын тастап "Күніге мың пәлеге жолықсаң да, Құдайдан ешқашан үмітіңді үзбе" деген. Үміт үзбеңіздер!" –деді. Сосын мен қонаққа сәлем жасап, табақты алып, сыртқа шықтым. Шай да ұзақ ішілді. Шай үстінде қонақ шешіліп, көп әңгіме айтты. Өзі емші екен. Осы сапарында алыстағы бір байдың тоқалы елірме болып ауырып, соған шақыртқан екен.Талай рет түнде жортып жүрсе де, бүгін аяғы тартпай қонатын үй іздеп келген беті екен. Оның емші екенін білген енем "ұлым мен келінімді қарап бер" деп жата жабысты. Шай ішіліп болған соң емші күйеуіме де, маған да суықтың қатты өткенін, өзінің емдей алатынын айтты. Күйеуіме қоржынынан бір шөп дәрі беріп, күніге екі реттен қайнатып ішу керектігін айтты.Содан соң енеме қарап «үйіңізде басы ала ақ тоқты бар ма? Бүгін оң аяғы інге түсіп, сәл мертігіп қалыпты. Соны таңертең ерте сойдырып, келініңізді ыстықтай терісіне саласыз. Ыстық сорпасымен үш күн әбден терлетесіз. Желденіп қалып, қолын мұздай суға салып жүрмесін. Ем зая кетеді. Құдай берем десе демде, немереңізді де қолға ұстайтын күн келер» – деді. Менің аузым ашылып қалыпты. Мына кісі үйде басы ала ақ тоқтының барын қайдан біліп қойды деймін таңғалып. Сөйтсем, әлгі емшінің көріпкелділігі де бар екен ғой. Бағанадан бері ақ тоқтыны сойдыруға қимай отыр едім, соның терісіне түскен соң Құдай берсе нәрестелі болады дегенді естіп, іштей қуанып отырдым. Дәл бүгін ақ тоқтының мертігуінде, үйге емшінің келуінде бір тылсым сыр жатқандай көрінді. Қонағымыз айран ішті де, күн шықпай жолға шығып кетті.
Таңғы асымызды іше салып күйеуім ақ тоқтыны сойып, терісін сыпырды. Өзім қозы кезінен жақсы көретін ақ тоқтымды қимай, бір жылап алдым. Енем мені ыстық теріге салып терлетіп, емшінің айтқанының барлығын істеді. Күйеуім шөп дәріні үзбей іше бастады. Бір айдан кейін аяғым ауырлап, тоғыз айдан кейін дүниеге ұлым келді. Ұлымның есімін енем Аққозы деп өзі қойды. Қуанышымызда шек болған жоқ. Өстіп ұзақ күттіріп өмірге келген ұлын мынау аштыққа шыдамай құрбан етпекші болды-ау…
…Ойым осы жерге жеткенде денем тағы да түршігіп кеткендей болды. Күйеуім мен ұлым жатқан жаққа жалт қарадым. Олар құшақтасып жатып, қалғып кеткендей екен. Оймен отырып, тасошаққа шөптің тамырын, әр жерден жинап алған ағаштарды сала беріппін. Қарғаның еті мылжа-мылжасы шығып езіліп кетіпті. Дереу темір тостақты оттан алып, үшеуміздің ортамызға қойдым. Кезек-кезек сорпа ішіп, етін жеп сәл де болса әлденіп алғандай болдық. Аш өзекке ыстық тамақ түскен соң маужырап, ұйқымыз келе бастады. Іші бос қалған темір тостақты жерге төңкере салдым да, ұлымды құшақтап жата қалдым. Сәлден соң күйеуім ұлының арғы жағына жайғасты. Көп өтпей-ақ қатты жел тұра бастады. Күйеуім алашаның жан-жағын таспен бастырып қойды. Жел біраз тұрып басылғандай болып еді. Біз қатты ұйықтап кеткен екенбіз. Бір кезде шошып ояндық.Таяққа асып қойған алашамыз да, астымызға төсеген киізіміз де шетінен лапылдап жанып жатыр. Бет шарпитын қып-қызыл жалын…
Лапылдап жанып жатқан шайламыздан қашып шықтық. Отты өшіретін суымыз да жоқ. Жел күшейе түскен. Қып-қызыл жалынға шошына қарап тұрмыз. Осылайша астымызға төсеп жүрген киізден де, сәл де болса күннен, желден қорғайтын алашадан да айырылдық. Оларға шоқтың қайдан түскенін енді білдім. Мен ошақтағы қалған отты өшіруді ұмытып кетіппін. Біз ұйықтап жатқанда тұрған жел тасты да, шоқты да ұшырған екен ғой. Сөйтіп, шоқ алашаға, кигізге тиіп, жана бастаған.
Қайда барарымызды білмей көп тұрдық. Ұлымды күйеуім көтеріп алған. Күндіз таудың дәл етегіне жақын қалғанымызды аңғарып едім. Қап-қараңғыда тау тіптен дәл жанымызда, бізге төніп тұрғандай сезілді. Алаша демде жанып бітті. Киіз бықсып ұзақ жанды. Оның иісінен қашып аулақтау жерге барып отырдық. Бір мезетте аттың дүбірі естілгендей болды.Тау жақтан белгісіз салт атты бізге қарай шауып келе жатыр екен. Жақын қалғанда иығына асынып алған мылтығын көріп, тіптен қорқып кеттік.
– Кімсіңдер? Елсізде не істеп жүрген адамсыңдар? Мынау неғылған от?» – деп айқай салған зор дауысты естігенде талып қала жаздадым. Бұл менің күндіз-түні Құдайдан кездесуімізді тілеп, іздеп келе жатқан әкем еді!
– Әке, әке! Бұл біз ғой! Мен қызыңыз Сүйін баламын! – деп тұра жүгірдім. Әкемнің астындағы боз атты менен қорыққандай басын сілкіп кейін шегініп кетті. Менің даусымды таныған әкем атынан түсіп, маған қарай жүгірді. Мен әкемді құшақтай алдым.
– Жалғызым, жарығым, аман екенсің ғой! Тірі екенсің ғой! Тірі екенсің ғой! – деп еңкілдеп жылаған әкеме қосылып аңырадым-ай келіп. Көрген азаптарымның бәрі еске түсіп, тоқтай алар емеспін. Әкем арқамнан қағып, жұбатып әлек. Жанымызға ұлым мен күйеуім де келген екен. Әкем олармен де құшақтасып көрісті. Әсіресе Аққозыны емірене иіскеп "құлыным-ау, атаңның сені де көретін күні бар екен-ау" деп егіле жылады. Киіз де түгел жанып бітті-ау дегенде, әкем ұлым екеумізді атқа мінгізіп, өзі жаяу жетелеп жүрді. Күйеуім де қайын атасына ілесіп жаяу келе жатыр. Жолда келе жатып, анамның жағдайын сұрадым. Анам соңғы кезде көп ауырып жүр екен. Түс көргенімді айтқанымда әкем таңғалды.
«Нағашы әжеңнің қасиеті қонғалы жүрген болар. Ол кісінің де көрген түсі дәл келетін еді» деді. Әкем киіз үйін тау етегіндегі бір үлкен ағаштың қасына тіккен екен. Үйге жетіп, бізді түсірген соң, атын ағашқа байлады. Анаммен жылап көрістім. Анам менің аштықтан азып-тозып кеткен жүзіме қайта-қайта қарап "күнім-ай, алтыным-ай, бізді қалай таптыңдар?" деп құшағынан босатар емес. Үйге кіріп аңтарыла қарап тұрып қалыппын. Далада жүріп, тағыға айналып кеткен сияқтымыз. Анам төсеген көрпешеге де отыруға батпай, шетіне жайғастым. Осы кезде сырттан кірген әкем "Жарығым-ау, босағада неғып отырсың? Қыздың орны төр емес пе? Жоғары шық" деді.
Әкемнің үйінің төріне шығып, жайғасқан кезде ғана аштықпен, азаппен өткен күндердің артта қалғанын түйсінгендей болдым. Шіркін-ай, туған үй! Қандай ыстық едің?!
Тұла бойым жып-жылы болып, өзімді жұмақта отырғандай сезіндім. Апам нанын, айранын алдымызға қойды. Қып-қызыл болып табаға піскен нанның иісі мұрынды жарып барады. Айраннан бір ұрттап, нанды бірден аузыма апармай, маңдайыма тигізіп, кеудеме бастым. Жеуге бір үзім нан таппай аштан қырылып жатқан жұртты ойладым. Көзімнен жас ыршып кетті. Наннан бір үзім бөліп алып, аузыма салдым. Сол күнгі жеген нанымның дәмі әлі аузымнан кетпейді.
Қарасам, күйеуім де, ұлым да наннан кішкене ғана бөліп алып, жайлап шайнап отыр екен. Әбден ашығып қалған басымыз нанды бірден жеп қоюға, ертеңгі күні таба алмай қаламыз ба деп қорқып отырғандаймыз. Әкем мен анам біздің аштықтан қалжыраған түрімізге аянышпен қарайды. Бізді тойынып, әбден тынығып алсын дегендей екеуі де әңгіме қозғамады. Ұйқы қысып бара жатқан соң отырған жерімізге қисая салдық. Сол жатқаннан күн шыққанша қатып ұйықтап қалыппыз. Жұмсақ көрпеше мен жастықты қимай біраз жаттым.
Сыртқа шықсам, анам киіз үйдің көлеңке тұсына жай салып қойып, шай қайнатып жүр екен. Жанында жасы жетілер шамасындағы бір бала жүр. Бұл бала кім, қайдан келген деп таңдана қарап қалдым. Мені көрген апам оған "бар, әпкеңе сәлемдес" деді. Ол жүгіріп келіп қолымды алды.
«Аты – Сағидолла, сенің інің болады» деді апам. Қайдағы іні? Түк түсінбей анама қарай бердім. "Сәл шыда. Әңгіме көп, әкең айтып берер. Енді бұл сенің артыңнан ерген інің. Ертеңгі күні саған төркін болады. Біздің көзіміз жұмыла қалса, осы баланы қара тұтасың ғой", – деді.
Сәлден кейін жуынып-шайынып бәріміз дастарқан басына жайғастық. Сүт қатқан шайді ішіп отырып, маңдайымнан шып-шып тер шыға бастады. Әкем шай үстінде өзінің бұл жаққа қалай келгенін айтып берді. Әкем бір байдың жылқышысы еді. Ақысына алған тайларын елі іші аласапыран болып жатқан кезде мұның арты не боп кетер деп тауда тұратын нағашы атамның он шақты жылқысына қосқан екен. Кәмпеске басталып, байдың жылқысын түгел етке өткізуге алып қойған соң, әкем бір түнде тауға көшіп кетіпті.
Бірақ қайын жұртының қасында қалуға намыстанып, оншақты тайын алып дәл осы таудың етегіне көшіп келген екен. Жастайынан жылқы малының жайын біліп өскен, әрі мергендігі де бар әкем тауда көп қинала қоймапты. «Ел ішінен сырттай хабар алып тұрдым. Ауылда қалып, аштыққа ұшыраған туыстарым мен сендерді ойлап, ұйқы көрмеген күнім көп болды. Сосын шыдай алмай, бір хабар алайын деп семіз құнанымды сойып, етіп кептіріп, қапқа салып жолға шыққанмын. Бірақ мен туыстарымды таба алмадым. Тамақ іздеп жан-жаққа шұбырып кеткен екен. Сендердің де ауылдарыңа бардым. Жолай тағы екі ауылға соқтым. Бір ауылдан мынау ініңді таптым. Сол ауылда көргендерімді есіме алсам, әлі күнге дейін төбе құйқам шымырлайды….
Ет жақындарымнан ешкімді таппаған соң, етімді аш отырған отбасы кездессе берейін деген оймен бір ауылға бұрылдым. Алдымнан тырдай жалаңаш осы Сағидолла жүгіріп шықты. Іші қабысып, қабырғалары шығып кеткен. Өзі зорға сөйлейді. Аштықтан бұратылған оған әуелі нан мен сусын беріп жан шақырттым. Қайда бара жатқанын сұрап едім, «сүйек жинауға» деді. Сөйтсем, бұлар қолдағы бәрін жеп бітірген соң сүйек жинап келіп, қайнатып соның сорпасын ішіп жүр екен. Әкесі соңғы рет аш өзектерін жалғайтын бірнәрсе тауып келем деп шығып кетіп, содан оралмапты. Үйінде анасы, екі кішкентай інісі мен қарындасы қалған екен. Олардың кешеден бері қимылсыз жатқанын айтқан бала «мылтығыңыз бар екен ғой. Ит атып беріңізші. Олар тамақ ішсе орнынан тұрады» деп жылап жіберді. Байғұс бала анасы мен бауырларын тірі деп ойлаған ғой. Менде де басында үміт болды. Аштықтан әлсіреп жатқан болар, аузына су тамызсам, аман алып қалармын деген оймен балаға «кәне, үйіңе баста» дедім. Ол мені жертөле үйіне бастап келді. Үйдің ішіне кіргеннен қолқаны сасық иіс қапты. Әр жерде жұлым-жұлымы шығып, борсып кеткен малдың, әлде иттің терісі. Бір бұрыштағы қазанда қайта-қайта қайнатылып, аппақ болып кеткен сақырлаған сүйектер. Ең қорқыныштысы, анасы мен екі баласының ісініп кеткен өлі денелері еді. Олардың өліп қалғанын көрген соң ең әуелі екі кішкентайдың денесін аналарының орамалына орап, далаға алып шықтым.
Әйелдің де денесін көтеріп шығып, мәйіттердің жүзін жасыратын жер іздей бастадым. Бейшара бала «апа, апа, көзіңді ашшы» деп анасының өлі денесін шыр айнала береді. Оған анасы мен бауырларының о дүниелік болғанын түсіндірмей, жер қойнына тапсыра алмайтынымды ұқтым. Оны бауырыма басып «балам, енді анаң да, інің мен қарындасың да орнынан тұрмайды. Олар аштықтан жан тапсырыпты. Енді жерлеп, екеуміз дұға жасаймыз. Сені жалғыз қалдырмаймын. Бүгіннен бастап менің ұлым боласың. Әкең тірі болса, табылса қайтарамын» дедім өзегім өртене. Осылай кішкентай Сағидолла менің ұлым болды. Мені сол ауылға Құдай айдап барған шығар. Әйтпесе ол да бір жерде аштан өлер еді. Не керек, биіктеу бір жерден көр қазып, ана мен балаларын жерледім. Көзінен жас шықпай қатып қалған Сағи анасын көрге қойып жатқанымда еңіреп жіберді де, жерге құлап түсті. Оның аш екендігі есіме түсті. Баладан айырылып қаламын ба деп қатты қорықтым. Дереу үйдегі қазанды алып шығып, тазалап, жерошақ дайындап, ет қайнатуға кірістім. Ет жеп, сорпа ішіп Сағи екеуміз әлденіп алдық. Оның ұйқысы келіп отырғанын көріп, шапанымды төсеп жатқыздым.
Түтіні шықпай, аштықтан шұбырып кеткен жұрт енді бұл ауылға орала ала ма? Талайлары далаға шыға алмай үйінде аштан бұратылып жатыр ма екен? Осыны ойлауым мұң екен, тағы да бірлі-жарымды аштықтан құтқарып қалармын деген оймен үйлерді аралап шықпақшы болдым. Сағи ұйықтап қалыпты. Орнымнан тез тұрдым да, жақын маңдағы қаңырап қалған үйге бас сұқтым. Үй ішінде шашылып жатқан ескі-құсқы заттан басқа ешнәрсе жоқ. Үй егелері әлдеқашан кетіп қалған сияқты. Бір бұрыштағы кереуетке шымылдық құрылған күйі қалыпты. Бойжеткен қыздың жатқан жайына ұқсайды. Үкі таққан тақиясын көргенімде, сені еске алдым қызым…
Бір жылап та алдым. Сосын аяғым оқшау тұрған үйге тарта берді. Бекер емес екен, үй ішіне кіргеннен төр алдында аяқ-қолы күп боп ісіп кеткен, сақал-шашы аппақ қудай қарияны көрдім. Ол сөйлей алмай тілі күрмеліп жатыр екен. Мені көргенде кеудесінде бір үміт пайда болғандай шүңірейіп ішіне кіріп кеткен екі көзі жылт ете қалды. Бірақ демде сөнді. Жанына келіп, тізерлеп отырдым. Екі қолы тастай қатып қалған екен. Басын көтеріп, аузына су тамыздым. Қария бір жұтым суды ішті де зорға дегенде тілі икемге келіп күбірлеп «лә илаһа иллалла» деді. Сөйтті де көз жұмды. Мен ол кісінің тегін адам емесін сездім. Марқұмды білген дұғамды оқып жерледім. Шапанының қалтасында сырты қапталған кішкене Құран кітабы бар екен, оны алдым. Бұл үйде қариядан басқа да адам болғанға ұқсайды. Себебі үй іші таза. Алайда мен кеткенше ешкім оралмады. Соған қарағанда, тамақ іздеп алысқа кеткен сияқты.
Өлікті жер қойнына тапсырып, Сағи ұйықтап жатқан жерге келдім. Бұл ауылда арқалап жүрген етімді де жейтін адам қалмапты. Баламды алдыма отырғызып, тауға қайтпақшы болдым. Жолда келе жатып, атқа арба жегіп алған екі жігітті кездестірдім. Олар аштардың тірі қалғанына көмек беру үшін арнайы қаулымен елден шыққан екен. Өз көргендерім мен баланың жайын баяндап, екі қап етті соларға өткіздім. Міне, содан бері Сағи қасымызда. Бізге бауыр басып кетті. Туған ұлымдай. Ұлым жоқ қой деп кейде қамығушы едім. Саған да іні табылды.
Құдайға шүкір, деймін. Әзірге туған әкесінің не өлі, не тірі екенін біле алмадым. Бұл маған Құдайдың берген аманат баласы ғой. Көзім тірісінде қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірермін. Тек заман тыныш болсын! Мына заманның желінің қайдан соғарын білмей қалдық. Айрандай ұйыған, малмен күн көрген ел едік. Бар қазақтың малын түгін қалдырмай сыпырып алды. Халық аштан қырылып жатыр. Ендігі көрер күні не болмақ? Мен сендердің осында келгендеріңе қуанып отырмын. Енді үйге, мал-жанға сендер ие бола тұрсаңдар. Мен ел ішіне барып, аштарға көмек беріп жатқандарға қосылсам деген ойдамын. Мына Сағи сияқты жас балаларды құтқарсам да олжа емес пе? Сендер екі-үш күн әлденіп алған соң жолға шығамын". Әкем осылай деп, әңгімесін аяқтап, орнынан тұрып кетті. Мен Сағидоланы бауырым деп құшақтап, маңдайынан сүйдім.
…Ол ақыры қарашаңырақтың иесі, менің менің інім болып қалды. Әкем оны өз тегіне жаздырды. Басымыздан осындай қилы-қилы оқиғалар өтті. Жақсыны да, жаманды да көрдік. Жүрегімнің неге тас болып қатып қалғанын енді сіз білдіңіз… Адамның тастай қатты жері де, мақтадай жұмсақ, ең нәзік жері де – жүрек екен. Менің жүрегім күйеуімнің бір ауыз сөзінен мәңгіге қатып қалды. Оны кешіре алмадым…
…Құдағиының әңгімесін таңға дейін кірпік қақпай, арасында көз жасын қайта-қайта сығып тыңдаған ол ауыр күрсінді. Құдағиын шын жүрегімен аяп кетті. Бір ауыз сөз…Тасқа айналған екі жүрек… Оны кім, қалай жібітпек..?
Фатима ЗАБУРАҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Астана қаласы