Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 101 жылдан кейін Ахмет Байтұрсынұлының тағы бір кітабы табылды

101 жылдан кейін Ахмет Байтұрсынұлының тағы бір кітабы табылды

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тағы бір кітапшасы табылды. Кітап осыдан 101 жыл бұрын Ташкенде өңді-суретті үлгіде басылған. Бұл ақжарма жаңалық «Жас Алаш» газетінің бүгінгі нөмірінде жарияланды, деп хабарлады turkystan.kz.

Ғалымның күні бүгінге дейін табылмай келе жатқан «Мәдениет тарихы» бастаған бірнеше кесек еңбектерін қоспағанда, оншақты мақаласы мен арыз хаттарының табылуы қуанышты жаңалық. Белгілі ғалымдар тобы құрастырған он екі томдық толық жинағы мен бес томдық академиялық толық жинағына бұған дейінгі көп томдықтарына енбеген жазбалар қосылған болатын.
«Ал біздің бүгінгі сүйінші жаңалығымыздың құндылығы сол – алаштанушы, ахметтанушы ғалымдар Ұлт ұстазының бұл кітапшасын қатпары мол қалың қалтарыстардан сан рет өтсе де байқамай келген. 1988 жылы ғана жазаланғанына елу бір жыл толғанда ақталған Ахмет мұрасы жұртымен қайта қауыша бастады. Одан бері сан рет толықтырылып, сан рет ықшамдалып басылған ғалым еңбектерінің қатарында бұл шағын кітапша айтылмай келді. Оқырман асыға күтіп отырған жаңалықты алғашқы болып айту – біз үшін теңдессіз бақыт», – делінген хабарламада.
Ахмет Байтұрсынұлы И.А. Крылов шығармаларынан аударған «Қырық мысалы» әмбеге аян. Алайда осы «Қырық мысалдың» ішіндегі бір мысалы – «Маймыл мен көзілдірік» атты шығарма өзі жеке бір кітапша болып шыққанын кім білген?! Мінеки, ғалым аударған құнды еңбектің бір парасы басылым көргеніне 101 жыл өткенде табылып отыр.
«Маймыл мен көзілдірік» атты мысал кітапша 1922 жылы Ташкентте басылған. Түркістан республикасының баспасөз шығарушы мекемесі жағынан басылым көрген бұл жәдігер Ұлт ұстазының көзіндей қымбатты мұра деуге болады. Кітапша өңді-суретті үлгіде басылған. Бас-аяғы 12 беттен тұратын кітапшаның жобасы кісінің көзін тартып, көңіліне түрлі ой салады.
Кітаптың мұқабасында жапатармағай ағаш басына өрмелеген маймылдар бейнеленген. «Маймыл мен көзілдірік» атты кітап атынан кейін «И. А. Крылов хикаясынан қазақшалап жазушысы А. Байтұрсынов» деп көрсетілген. Бұл беттің бір жағы жыртылған болса керек, кейбір сөздердің басқы буыны көрінбей қалған.
Кітаптың айқара бетінде әр жерінен сынған сары жапырақты ағаш бұтағының суреті өрнектелген. Бұл бетте де кітаптың атымен қоса, «И. А. Крылов хикаясынан қазақ тіліне алушы Байтұрсынов» деп көрсетілген. Мұқабада «қазақшалап жазушы» десе, айқара бетте «қазақ тіліне алушы» деп берілген. Осыдан кейін «Түркістан Республикасының баспа істерін басқару мекемесі» деп шығарушы орынның аты берілсе, одан төменірек орыс жазуымен «Ташкент, 1922 г.» деп басылған. Келесі беттен мысалдың мәтіні суреттермен қоса басылған.
«Кітапшада сурет пен мәтін (өлең) бірге беріліп отырған. Қоңыр түсті маймылдың қимылына Ахаң аударған өлеңнің мазмұнының дөп келгеніне таңғалмау мүмкін емес. Суретшінің шеберлігі менмұндалап, маймылдың әр сәттегі көңіл күйін бет әлпетінен көрсетіп тұр», – делінген хабарламада.
13 шілде 2023 ж. 14 093 0