Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік көмек берудің жаңа тәртібі

Әлеуметтік көмек берудің жаңа тәртібі

Қазіргі таңда елімізде халықты әлеуметтік қолдау шаралары қарқынды жүргізілуде. Соның ішінде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін қолдау ерекше. Бүгінде атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері артып, азаматтар қамқорлықты сезінді. Дегенмен биыл атаулы әлеуметтік көмек төлеудің ережелеріне өзгеріс енгізілді. Осыған байланысты тұрғындар арасында түрлі түсініспеушіліктер туындап отыр. Сондықтан аудан азаматтарынан көп жолданған сұрақтарды іріктеп, тұрғындарға түсіндіру мақсатында бекітілген заң шеңберінде жан-жақты жауап беруді жөн санадық.
1. Сұрақ: Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін отбасына есептелетін кіріс көзі жан басына шаққанда қанша болуы қажет?
Жауап: Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін отбасына есептелетін кіріс көзі жан басына шаққанда облыс бойынша белгіленген күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспауы керек. Ол көрсеткіш тоқсан сайын өзгеріп отырады. Мысалы, қазіргі таңда І тоқсанға оның мөлшері Қызылорда облысы бойынша 19793 теңге.
2. Сұрақ: 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қандай болады? Өткен жылғыдай бала басына 20789 теңге төлене ме?
Жауап: Биылғы жылы атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері отбасының барлық мүшелері үшін кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы орташа табыс арасындағы айырма түрінде есептеледі (өткен жылдағыдай бала басына 20789 теңгеден төленбейді, барлық отбасы мүшелеріне айырмашылық ретінде есептеледі). Алайда, әлеуметтік көмек учаскелік комиссия шешіміне сәйкес тағайындалады. Мысалы: отбасына кіретін кіріс барлығы 50 мың теңге, отбасында 5 адам (50 мың: 5 адам=адам басына 10 мың теңгеден, кедейлік шегінің мөлшері 19793-10000=9793 теңге адам басына тағайындалатын АӘК мөлшері, яғни отбасына айына 48965 теңге).
3. Сұрақ: Отбасында 3 баласы бар, кіші баласының жасы 4-те, жолдасы жоқ, биылғы жылға атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыра ала ма?
Жауап: Егер отбасына кіретін кіріс жан басына шаққанда белгіленген мөлшерден аспаса (күнкөріс деңгейінің 70 пайызы), атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар, бірақ жаңа заңнамаға сәйкес, міндетті түрде жұмыспен қамту орталығы жолдаған жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуы қажет. Себебі бала күтімімен аналар тек 3 (үш) жасқа дейін ғана отыра алады. Егер өтініш иесі ұсынылған жұмыстан бас тартса немесе жұмыспен қамтудың шараларына (қоғамдық жұмыс, әлеуметтік жұмыс, кәсіби оқудан т.б.) қатыспаса, барлық отбасына АӘК тағайындалмайды.
4. Сұрақ: Атаулы әлеуметтік көмек 2019 жылдың сәуір айынан бастап 2020 жылдың сәуір айына дейін 1 жылға тағайындалған болатын. Атаулы әлеуметтік көмекті әрі қарай ала бере ме, әлде құжатты қайта тапсыра ма?
Жауап: Жаңадан бекітілген «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңының 8-1 бабына сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарына дейінгі тағайындалған атаулы әлеуметтік көмекке төлем тек 31 желтоқсанға дейін ғана жүргізіледі, ал 1 қаңтардан бастап бекітілген заңға сәйкес, отбасыларымен бұрын қол қойған әлеуметтік келісімшарт күшін жойды. Егер өтініш иесінің отбасына есептелетін кіріс жан басына шаққанда белгіленген мөлшерден аспаса, құжаттарын тапсыруға болады. Атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру тоқсан сайын жаңаланып және өтініш берген айдан бастап есептеліп, учаскелік комиссия шешіміне сәйкес атаулы әлеметтік көмек тағайындалады.
5. Cұрақ: Атаулы әлеуметтік көмекке құжатты қалай және қай жерге тапсыруға болады?
Жауап: 2020 жылдың 5 қаңтарынан бастап құжат қабылдау жұмыстары сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін өзіңіздің тұрғылықты тіркелген мекенжайыңыз бойынша жүргізілетін болады. Құжатты Арал қаласы бойынша халықты жұмыспен қамту орталығы мамандары қабылдайды. Кент және ауылдық округтерде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауды жауапты кент және ауылдық округ әкімдерінің мамандары жүргізеді.
6. Сұрақ: Отбасы құрамына кімдер кіреді? Кімдер есепке алынбайды?
Жауап: Отбасы құрамына бір елді мекен шегінде тіркелген бірге тұратын, мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтармен және некеден (ерлі-зайыптылықтан), туыстықтан, жекжаттықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге нысандарынан туындайтын міндеттермен байланысты отбасы мүшелері, сондай-ақ іс жүзінде бірге тұратын, бірақ некеде тұрмайтын бірге тұратын адамдар ескеріледі. Отбасы құрамына қосылмайтындар: – Толық мемлекеттік қамсыздандырудағы адамдар; – Мерзімді әскери қызметтегі адамдар; – Бас бостандығынан айыру орындарындағы, мәжбүрлі емдеудегі адамдар.
7. Сұрақ: Еңбекке қабілетті азаматтар деген кімдер?
Жауап: Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды және (немесе) екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар адамдарды қоспағанда, он алты жастан бастап «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 11-бабының 1-тармағында көзделген жасқа дейінгі адам немесе отбасы мүшелері кіреді. Ескерту: 2 (екі) айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауруға асқазан, бүйрек, аяқ, т.б. ауыратындығы туралы анықтамалар негіз болмайды.
8. Сұрақ: Отбасы табысын есептеу барысында қандай табыстар ескеріледі? Қандай табыстар ескерілмейді?
Жауап: Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есепті кезеңде алынған табыстың барлық түрлері ескеріледі, олар: – Еңбекақы, әлеуметтік төлем түрінде алынатын табыс; – Балаларға және басқа да асырауындағыларға алимент түріндегі табыс; – Жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табыс; – Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысудан алынған табыс. Мыналар отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде жеке тұлғаның табысы ретінде қарастырылмайды: – Біржолғы жәрдемақылар; – Он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға мүгедектігі бойынша мемлекеттік және әлеуметтік жәрдемақылар; – «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылар; – Стипендия.
9. Сұрақ: Кепілдендірілген әлеуметтік пакет деген не? Оны кімдер қалай алады?
Жауап: Кепілдендірілген әлеуметтік пакет атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларының балаларына тиесілі 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына азық-түлік және гигиеналық құралдар түрінде көрсетілетін көмек, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларына ыстық тамақ, оқу құралдары, мектеп киімдері түріндегі көрсетілетін көмек.
10. Сұрақ: Ажырасқан, алайда алиментке жүгінбеген отбасылар қалай тапсыра алады? Атаулы әлеуметтік көмекке алимент құжатын тапсыру міндетті ме?
Жауап: Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 138-139 баптарына сәйкес, ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті. Сол себепті, баланың ата-анасының арасындағы неке бұзылса, немесе баланың әкесі болып табылған тұлға баламен бірге тұрмаса, баланы бағып отырған ата-ана алиментке жүгінуге міндетті. Ә. ӨТЕГЕНОВ, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры
22 қаңтар 2020 ж. 896 0