Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қиындық пен қызыққа толы қырық жыл

Қиындық пен қызыққа толы қырық жыл

Мен 1966 жылы Т.Г.Шевченко атындағы орта мектепті бітірген соң, сол жылдың шілде айында аудандық баспаханаға әріп теруші болып жұмысқа орналастым. Баспахана жертөле типіндегі үйге орналасқан еді. Директоры Еңсеп Ізбасханов болатын. Менің ұстазым Дәуіт Қалқаев болды. Үш ай мерзімде сынақтан өттім. Ерлі-зайыпты Дәуіт, Күлпаш Қалқаевтар және шебер Әнәпия Ізбасханов еді. Збайда, Жамал, ерлі-зайыпты Бақытжан, Жаңыл Жолдасбаевтармен бірге үш жыл баспаханада еңбек еттім. 3-ші разрядты әріп теруші атандым. 
1969 жылы «Толқында» корректор болып жұмыс істейтін Киікбай деген жігіт жоғары партия мектебіне оқуға кетіп, соның орнына кор- ректор болып редакцияға жұмысқа ауыстым. Міне, сол корректорлық жұмыста 40 жыл бойы еңбек етіппін. Сонда жүріп партия қатарына өттім. Партиялық өтілім жоғары партия мектебіне оқуға баруға дәл келіп тұрған соң, маған сол оқуға баруға ұсыныс жасады. Бірақ мен отбасылық жағдайыма байланысты оқуға бара алмадым. Менің ор- ныма райкомда істейтін Атабай Қылышбаев кетті. 10 жыл қатарынан партком болдым. Жұмысқа орналасқанда редактор Мәлік Сәрсенов еді. Кейінгі қырық жылға жуық уақытта бірнеше редактормен жұмыстас болдым. Атап айтқанда, М.Сәрсенов, С.Ермағанбетов, Е.Әбілов, Ж.Әбдіраман, Ж.Жақыповпен қатар еңбек еттім. Ол кез- де газет аптасына 3 рет шығатын. Газетті қолмен әріп теріп, линотип арқылы шығаратынбыз. Технологияның мүмкіндігі аз болғандықтан, көбінесе уақытылы шықпайтын. Кейде таңға дейін басылатын кез- дер болатын. Баспаханада жұмыс істеп жүрген кезімде баспашы Жанқожа деген жігіт терілген, дайын тұрған бетті төгіп алып, қайтадан тер- ген кезіміз есімде қалыпты. Жылағандай болып бетті қайтадан құрастырдық. Ол уақытта газет материалдары линотиппен терілетін еді. Бірде редакцияда мынадай жағдай болды. Корректор – мен, сол күнгі кезекші – редактордың орынбасары Өмірбек Төлепов еді. Сол нөмірде «председатель» деген сөз «предатель» болып кетіпті. «Се» деген екі әріп түсіп қалған. Сол үшін редактор С.Ермағанбетов, кезекші Ө.Төлепов, корректор мен бюроға түстік. Бюродан ескер- ту алып шықтық. Әйтеуір, «газетіміз қазақша шығады» деп әрең құтылдық. Айта берсе мұндай қызықты жайттар көп кездесті. Осы- лай жұмыстас бола жүріп, Өмірбек Төлепов екеуміз құда болдық. Содан бір күні С.Ермағанбетовтің былай дегені есімде. «Мен, сен үшеуміз зейнеткерлікке бірге шығамыз. Үшеуміз Сарышығанаққа барып мал бағамыз» деп армандайтынбыз. Сол арманына екеуі де жете алмай, өмірден озды. Ал мен болсам, солардың арманын орын- дап, Сарышығанақта мал бағып, еңбек етіп отырмын. Еңбек етсең, денсаулығың да жақсы болады. Қазір 71 жасқа келсем де, үйде бос отырған жоқпын. Орайы келгенде, аудан айнасы «Толқынды» 90 жылдық мерей- тойымен құттықтаймын. Қазір редакцияға журналист Абай Еле- шов басшылық етеді. Шығармашылық құрам жастармен толықты. Сол кейінгі буынға біздің еңбек жолымызды берсін деп тілеймін. Қазір бәрі компьютер, еңбек бұрынғыдан жеңілдеу. Өмірден өткен журналистер С.Ермағанбетов, М.Сәрсенов, Қ.Мұқашев, С.Сейітмағанбетов, Ж.Есенжолов, Е.Кенебаевтың бұл басылым үшін сіңірген еңбектері зор. Олардың ізін одан әрі жалғаған Т.Абылаев, Ш.Жылмағанбетов, Ж.Жақыповтың да аудандық басылым тарихын- да қолтаңбасы айрықша. Осы азаматтар мен «Толқынды» түлетуге атсалысқан барша жандарды және редакцияның қазіргі ұжым мүшелерін мерейтойларымен құттықтаймын. Газеттің 50 жылдық, 60 жылдық, 70 жылдық, 80 жылдық тойларына шыққан кітаптар мұрағатымда сақтаулы. Енді 90 жылдық тойға да аман-есен қатысып, ұжымдастарыммен бірге болуды жазсын деп тілеймін. 70 жасқа келгенімде «Толқын» газетінде ұзақ жыл редактордың орынбасары болып қызмет атқарған Қ.Дәуітова сіңілім мақала жазды. Сондай мерейлі жасымда газет бетінде көрінуіме газет алқасы да көп үлес қосты. Қарттар күнінде ұмытпай, ұжымдастарым сыйлықтарын алып келіп тұрады. Ондайда іздейтін ұжымым бар деп марқаямын. Құрметті әріптестер! Сіздерді «Толқын» газетінің 90 жылдық ме- рейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Аға буынның өнегелі ісін, шығармашылық жолын жалғастырып келесіздер. Осы жолда шыңдала беріңдер.
Жанар Барбосынова,
«Толқын» газетінің 1968-2003 жылдардағы корректоры
25 қаңтар 2020 ж. 1 119 0