Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына адвокаттар тегін заң көмегін көрсетеді

Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына адвокаттар тегін заң көмегін көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына адвокаттармен және заң консультанттарымен тегін заң көмегін көрсету қарастырылған. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасын талқылау кезінде Әділет министрі Марат Бекетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң жобасымен халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына адвокаттармен және заң консультанттарымен құқықтық жағдайдың басынан аяғына дейін тегін заң көмегін көрсету қарастырылған. Ол - pro bono деп аталады. Осындай қызметтерді көрсету тараптардың келісуімен ерікті және өтеусіз негізде болады. Айта кету қажет, рro bono қызметі міндет емес, ол құқық болып табылады және оны көрсету мәжбүрлі болмайды», - деп түсіндірді М. Бекетаев.
Бүгінгі таңда соттарда азаматтың мүддесін заңдық білімі бар кез келген адам білдіре алады. Алайда осындай көмек сапасыз көрсетілген жағдайда азаматтар өз құқықтарын қорғай алмайды.
«Осы орайда соттарда өкілдік ететін жеке тұлғалардың заң консультанттары палаталарына міндетті түрде мүшелікте болуы қарастырылған. Жеке тәжірибемен айналысатын заңгерлердің өзін-өзі басқару ұйымдарына мүшелікте болуы заң көмегінің сапасын арттыруға негіз болады», - деді министр.
Талқылаудан кейін палата депутаттары заң жобасындағы жаңашылдықтарға қолдау білдіріп, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
inform.kz
28 наурыз 2018 ж. 1 150 0