Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қауқарлы көмек қапы қалдырмайды

Қауқарлы көмек қапы қалдырмайды

Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы тоғызыншы міндетте «Адвокаттардың құқықтарының аясы кеңейеді» деп нақты көрсетілген. Әрине, өміріміздің қай саласында болсын кездесетін тіршілік түйінін тарқатуда заңды көмек ауадай қажет. Оны, әрине, адвокаттар бере алады. Осы орайда, Арал аудандық заң консультациясының меңгерушісі, адвокат Байтақ Сүлейменовпен сұхбаттасқан едік.
–Байтақ Сүлейменұлы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Ж.Асанов адвокаттар мен прокурорларға жолдаған Үндеуінде: «Сотқа келген әрбір адамның тағдырына жауаптымыз. Көп нәрсе біздің біліктілігімізге, жауапкершілігімізге, адамгершілігімізге байланысты» деген еді. Енді жұртшылыққа адвокат қызметі туралы толығырақ мәлімет беріп өтсеңіз
– Иә, айтса айтқандай, бізге келетін адамдар ауруына ем іздеген науқас сияқты үміт арқалап келеді. Оларға қандай жағдайда да заң аясында көмек көрсетеміз. Дертінен айыққан адам қалай қуанса, соттан әділдік тапқан азаматтар да сондай риза қалыпта болады.
Адвокат – жоғары заң білімі бар, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алған, міндетті түрде адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және Қазақстан Республикасының барлық аймағында заңгерлік көмегін көрсететін Қазақстан Республикасының азаматы. Адвокат соттардың, прокуратураның, қылмыстық процесті жүргізуші органдардың әкімшілік ғимараттарында белгіленген тәртіппен өзінің адвокаттық куәлігін көрсетуі бойынша еркін құру құқығын пайдаланады.
Адвокаттардың заттары құқық қорғау органдарымен тексерілуіне және алуға жатпайды. Адвокаттық қызметке араласуға не осы қызметке қандай да болмасын тәсілмен кедергі жасауға тыйым салынады. Ондай әрекет үшін Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 523-бабында жиырма айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға, ал қылмыстық кодекстің 365-бабында көп мөлшерде айыппұл салуға немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған. Ашығын айтқанда, қазіргі кезде алаяқ адвокаттар көбейіп кетті. Не заңгерлік білімі, не арнайы лицензиясы жоқ алаяқтарға алданып қалған аралдықтар да аз емес. Сондықтан, кімнің де болса, адвокаттық қызмет туралы біліп жүргені абзал.
– Ал, сот барысында адамның құқығы мен мүдделері бұзылған жағдайда сотқа талап-арызды қалай беру керектігі жөнінде айтсаңыз?
– Сіз өзіңіздің азаматтық, отбасылық, заттай, жер және еңбек құқығыңызды қорғау туралы талап қою арызын берген сәттен бастап, сіз «талап қоюшы» аталасыз. Сот талап қою қабылдап алуы және азаматтық іс қозғауы үшін Сіз талап қою арызының мазмұны мен нысанына қойылатын бірқатар заң талаптарын орындауға міндеттісіз. Осымен бірге талап қоюшының да сотта өзінің қандай құқықтары бар екенін білуінің маңызы зор. Сондай-ақ, талап қоюшы ретінде, талап қою негізін немесе мәнін өзгертуге, талап қою мөлшерін арттыруға немесе талаптан бас тартуға құқыңыз бар. Алайда, бұл жерде есте ұстайтын бір мәселе, талап қоюдан бас тарту бұл қайтымсыз процесс, оған аса ұқыптылықпен келу керек. Себебі, бір рет бас тартып, сіз екінші рет сол іс және негіз бойынша қайта талап арыз бере алмайсыз.
– Талап қоюшыға қарама-қарсы тұлға жауапкердің құқықтары мен міндеттері қандай?
– Сізге соттан шақыру қағаз келді делік. Бұл әр адамның басында болатын жағдай. Онда Сіздің жауап беруші екендігіңіз және көрсетілген уақытта сотқа келуіңіз міндетті екендігі көрсетілген. Мұндай жағдайда кім-кімнің де абыржып қалатыны рас. Сотқа шақыру қағазында Сізді жауапкер ретінде көрсетсе, демек, біреу Сізді өзінің құқығы немесе ұйым талап қою арызымен сотқа шағымданған деген сөз. Сот талап қою арызын қабылдаған сәттен бастап, арыз берген тұлға талап қоюшы, ал Сіз жауап беруші болып табыласыз. Бұзылған құқығы мен заңды мүддесін қорғау туралы арыз бойынша қозғалған іс азаматтық іс ретінде сот процесінде қаралады.
– Сотта іс қаралғанда жауапкердің өзінің қандай құқығы бар екенін біле бермейтіні де рас.
– Ең алдымен, Сізге талап қоюшының арызы бойынша қандай құқығын бұзғаныңыз туралы, талап қоюшы Сізге қандай талап қоятыны және ол неге үміттенетіні туралы толық деректер алуыңыз қажет. Сондықтан, жауап беруші ретінде Сіздің осы талап-арызға жауап дайындау үшін соттан талап қою арызының көшірмесін алуға құқығыңыз бар. Талап қою арызының мазмұнымен толық танысып шыққаннан кейін, өзіңіздің кінәңіздің жоқтығын, сондықтан, сот процесінің туындауы және одан әрі жалғасуы заңсыз екендігін негіздеп, қарсы пікіріңізді дайындап сотқа тапсыра аласыз. Егер, Сіздің құқықтарыңыз бен мүдделеріңіз бұзылса, қарсы талап-арыз беруге құқығыңыз бар. Қарсы талап арыз дегеніміз-бұл жауап берушінің өзінің құқығын заңмен қорғалатын мүддесін қорғау туралы өз бетінше берген арызы. Бұл құқығыңызды Сіз жауап беруші ретінде, бүкіл сот талқылауы барысында сот шешімі шыққанға дейін іске асыра аласыз. Қарсы талап – арыз беру, талап-арыз туралы жалпы ережелермен жүргізіледі.
– Егер жауап беруші талап қоюшының қойған талаптарымен келіссе, бұндай жағдайда не істеу керек?
– Егер, Сіз талап қоюшының талабымен келіссеңіз, заң Сізді талапты мойындауға құқық береді. Талапты мойындау сотқа жазбаша арыз түрінде болуы тиіс. Сіздің жауап беруші ретінде талап қоюшымен сот барысында бітімгершілік келісім жасауға да құқығыңыз бар. Жауап берушінің талапты мрйындауы және бітімгершілік келісімін бекіту туралы шешімді екі тарап қол қойғаннан кейін сот қабылдайды. Соттың оң шешімі болған жағдайда іс жүргізу тоқтатылады. Теріс болған жағдайда сот бұндай шешімді қабылдау туралы себептерін түсіндіре отырып, іті қарауды жалғастырады.
Жауап берушінің іс материалдарымен танысуға, олардың үзіндісін алуға және көшірмесін түсіруге, судьяларға, сарапшыларға қарсылық білдіруге, дәлелдемелер ұсынуға және оларды зерттеуге қатысуға, іске қатысатын басқа тұлғаларға, куәгерлерге, сарапшыларға және мамандарға сұрақтар қоюға, сотқа ауызша немесе жазбаша түсіндірмелер беруге, сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз болжамдарын келтіруге, іске қатысатын басқа тұлғалар болжамына қарсылық білдіруге, қолдау хатқа, сот жарыс сөздеріне қатысып сөз сөйлеуге, сот отырысының
хаттамасымен танысуға және оған жазбаша ескерту жасауға, сот шешімімен ұйғаруына шағымдануына құқығы бар. Міне, осындай құқықтарыңызды біліп, оны дұрыс қолдана білсеңіз, сотта өз мүддеңізді қорғап, әділ шешім шығуына ықпал жасайтыныңыз анық.
– Көпшілік арасында тек кінәлі тарап қана адвокатқа жүгінеді деген пікір бар.
– Қолданыстағы заңдар бойынша адвокатты қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жәбірленуші, талапкерлер өзара келісім-шарт негізінде жалдай алады. Ол кезде тапсырыс берген адамның құқығын сотта адвокат оның өкілі ретінде қорғайды. Адвокатты жалдау мөлшері екі жақтың өзара келісімі негізінде тағайындалады.
Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалар алдын ала адвокаттар конторымен заңгерлік көмек алу үшін жыл бойына немесе бірнеше жылға келісім-шартқа отыра алады. Адвокаттың мұндай қызметін пайдаланған тұлғалар тәуліктің кез келген уақытында оның қызметін кедергісіз пайдалана алады. Яғни, басына қиындық туындаған тұлға тексеруші органға адвокатпен жасасқан келісім-шартты көрсетіп, адвокатты шақыртуды талап етуге және онсыз жауап бермеуге құқылы. Тергеуші ондай жағдайда Сіздің жалдаған адвокатыңызды шақыруға міндетті. Жалпы айтқанда, құқықтарыңыз бұзылса немесе Сіз сотқа жауапкер ретінде қатысатын болсаңыз, құқықтық көмек керек болса, Арал қаласы, Т.Есетов көшесіндегі №1 үй, 5-пәтерде орналасқан адвокаттар үйіне келіңіздер. Сіздер мұнда өздеріңізге қажетті барлық көмектерді ала аласыздар.
– Көпшілікке қажетті пікірлеріңізбен бөліскеніңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Лаура Әйтімова.
14 ақпан 2018 ж. 1 466 0