Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қылмыстық процестегі жарыспалылықтың маңызы зор

Қылмыстық процестегі жарыспалылықтың маңызы зор

Биылғы жылдың 10 тамызында Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелеріне арналған кеңес өтіп, онда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында заңның үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударып, қылмыстық қудалау жүйесін жаңғыртудыңбазалық бағыттарын жетілдіру жөнінде мәні зор мәселе көтерді. Солардың қатарында, қылмыстық процесте азаматтардың құқын қорғау деңгейін арттыру, тергеу жүргізу тәртібін оңтайландыру, қылмыстық процестегі жарыспалылықты, сотқа дейінгі сатыда сот бақылауын одан әрі күшейту және қылмыстық құдалау, прокуратура мен сот органдары арасындағы өкілеттіктердің қайталануын болдырмау және оларды нақты бөлу қажеттілігін атап өтті.
Қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі жетілдіру, яғни жаңғырту адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге және оны дамытуға бағытталған ауқымды іс-шара.
Озық еуропалық моделге және үздік шетелдік тәжірибеге бағдарлану отандық қылмыстық әділет жүйесін одан әрі дамытудың бағыты ретінде айқындалды. Жақын уақытта сотқа дейінгі тергеу және анықтау органдарын институционалдық қайта құруда кешенді өзгерістер орын алатын болады.
Сот бақылауы институтын жетілдіру бойынша жария емес тергеу әрекеттерін соттың санкциялау құзыретін заңнамалық бекіту күтілуде. Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Жасырын тергеу әрекеттерін сот арқылы санкциялау заңнамалық тұрғыда реттелген жағдайда қылмыстық ізге түсу органдары қызметін объективтік түрде бағалау өз шешімін табары сөзсіз. Сот санкциясынсыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарту адам құқықтарын сақтау тұрғысындағы айтулы жаңалық болып табылады. Әлемдік талапқа сәйкестендірілетін бұл жаңалық ұстауды дәлелдемелерді жинауда қысым жасау мен мәжбүрлеу құралы ретінде пайдалану қаупін төмендету үшін қажет. Бұл жерде көрсетілген қысқартылған мерзімдердің барлық қылмыс санаттарына таралмайтындығын атап өткен жөн.
Сондай-ақ, қылмыстық теріс қылық бойынша бұйрықтық іс жүргізудің қысқартылған жаңа түрі енгізілмек. Бұл Эстония, Германия және өзге де бірқатар елдердің табысты тәжірибесі негізінде қолға алынбақ. Қазіргі қолданыстағы кодексте қылмыстық процесті жеңілдететін жағдайлар аз емес. Егер сотталушы айыбын мойындап, дәлелдемелер бойынша ешқандай дау туындамаса, тараптар арасында өзара келісім қолданылуы мүмкін. Алайда, мұндай тетіктер қатарын арттыру әлі де өз қажеттілігін байқатуда. Осы орайда бұйрықтық өндірісті қолдану мәселелері бойынша жан-жақты сұрақтар қызу талқылануда.
Азаматтардың құқықтарының қорғалу дәрежесін арттыру үшін қамау түрі қолданылмайтын негіздерді кеңейту көзделмек. Бұл жерде жасалған қылмыстың ауырлығы мен дәрежесінің қоғам үшін қауіптілігі ескеріледі.
Сонымен қатар, реформа шеңберінде қылмыстық процестің жарыспалылығын арттыруға айрықша назар аударылатын болады.
Қылмыстық процестің іргелі қағидатының бірі –тараптардың жарыспалылығы екені белгілі.  Осыған орай келесі бағыт-қылмыстық процестегі тараптардың бәсекелестігін арттыру, адвокаттардың рөлін барынша көтеруге қатысты болмақ. Ол, бір жағынан айыптау және қорғау тараптардың тең құқықтары мен тең мүмкіншіліктеріне негізделсе, екінші жағынан, олардың өз тұжырымдарын дәлелдеу міндеттерін де айғақтайды.
Ақиқат таластан, тартыстан туады - демекші, шындықтың анықталып, істің әділ таразылануына прокурор мен адвокат жарыспалылығының көмегі көп. Адвокат тергеуде кеткен кемшіліктерді тауып, өзіне сенім білдірген жанға заңдық көмек көрсетіп, істің күмәнді тұстарының қалмауына,  әділ төреліктің жасалуына ықпалын тигізуі тиіс.
Жаңадан қолданысқа енгізілген Қылмыстық-процестік кодекс адвокаттарға күдікті, айыпталушыны қорғау үшін көптеген жаңа мүмкіндіктер берді. Мысалы, ҚПК-нің 55-бабы сотқа дейінгі өндірісте тергеуші адвокаттың қылмыстық іс үшін маңызы бар кейбір талап-тілектерін қамтамасыз ету туралы сұраныстарын орындаудан бас тартқан немесе заңда қаралған мерзім ішінде қабылдамаған жағдайда, оның уәжді өтінішхаты бойынша бұл мәселелерді тергеу судьясы арқылы шешуге мүмкіндік берді.
Сол сияқты, заңнамада қорғаушылық қызметті айып тағылған адамның ет жақын адамдары емес, білікті заңгердің атқаруы тиістігі бекітілген. Бұл заңгерлік білімі жоқ, құқық қорғау органдары жіберген қателіктің сырын білмейтін адамның қорғаушылық қызметті талапқа сай атқармайтынын түсінгендіктен енгізілген шара.
Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, қолданыстағы процестік заңда қарастырылған мүмкіншіліктер тараптардың жарыспалылығын, яғни бәсекелестігін қамтамасыз етуге  әлі де жеткіліксіз.  Осыған орай, адвокатура мен өкілдік институттарын түбегейлі реформалау да талқылануда.
Елімізде пәрменді түрде жүргізіліп жатқан қылмыстық процесті және құқық қорғау қызметінің кейбір аспектілерін реформалау шаралары құқық үстемдігін қамтамасыз етіп,халықтың билікке, оның ішінде соттарға деген сенімін арттырады деген үміттеміз.

Е.Б.Тұрбаев,
Арал аудандық сотының төрағасы.
08 желтоқсан 2017 ж. 2 136 0