Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Волонтерлерге үлкен мүмкіндік берілді

Волонтерлерге үлкен мүмкіндік берілді

        Президенттің қатысуымен  өткен «Birgemiz» атты волонтерлер фронт-офисінің ашылуы ерекше күн ретінде есте қалмақ. Аталған шараға қатысу мен үшін зор құрмет.  Бұл басқосуға еліміздің барлық аймағынан белсенді жастар келіп қатысты. Өздерінің ойлары мен жобаларын таныстырды. Мен Арал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан құрылған «Жас толқын» еріктілер тобының мүшесі ретінде осы шараға арнайы бардым.
         Волонтерлердің ел болашағы жолында атқарып жатқан жұмысының ұшан-теңіз екендігін назарға алған Мемлекет басшысы алдағы уақытта олардың жұмысы еңбек өтіліне саналатындығын жеткізді. Сондай-ақ басшыларға оларды әркез қолдап отыруды тапсырды. Бұған қоса еріктілер ұйымын қаржыландыру мақсатында мемлекет тарапынан 400-ден астам шағын грант берілетіндігін де баса айтты.
         Мен Арал ауданы жастарымен бірге үш жылдан бері еріктілікпен айналысып келемін. Осы жылдар ішінде аудан көлеміндегі көптеген игі іске бастамашыл болдық. Қарияларға көмек қолын созып, науқас балалардың емі үшін қаражат жинадық. Қоршаған ортаның тазалығына үлес қосып, мемлекеттік маңызды шаралардың басынан табыла білдік. Мұның бәрін біз өзіміздің жүрек қалауымызбен жасадық. Бұл бастамалар әрі қарай да жалғасын таба бермек. Биыл Мемлекет басшысы бекітіп берген жеті бағыт бойынша атқарылатын жұмыстарды жандандырмақпыз.
         «Волонтерлер жылының» жариялануы еліміздің жастарына жаңа мүмкіндіктер сыйламақ. Бүгінгі шарада жастар өздерінің тәжірибесімен бөлісті. Алғанымыз бен үйренгеніміз көп болды. Осы шара арқылы мен өзімнің бағытымның дұрыс екендігіне көз жеткіздім. Еліміздің дамуына кішкентай да болса үлес қосқаныма қуанамын.
Ержан Сабырбай
Ерікті жас
15 ақпан 2020 ж. 612 0