Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мобильді интернет мыңнан аса ауылға жетеді

Мобильді интернет мыңнан аса ауылға жетеді

Интернет желісіне қолжетімділікті ауылдық елді мекендерде арттыру – «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша электрондық денсаулық сақтау, электрондық қызмет көрсету және басқа жобаларды іске асырудың негізгі бағыты болып табылады. Бұл қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға ықпал етеді. Сондай-ақ тұрғындарға цифрлық технологияларды толыққанды қолдануға мүмкіндік беріп, еліміз экономикасының дамуына өз ықпалын тигізетін болады.

Ал аудандағы ауылдардың интернетпен қамтылуы – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Облыс әкімі Қ.Ысқақовтың ауданға іссапары барысында да ауыл тұрғындары тарапынан бұл мәселе көтерілген еді.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта цифрландыру негізі ретінде интернетті жаппай енгізу жұмысы жалғасып келе жатқандығын, соның нәтижесінде қазіргі уақытта 117 қала және 3 324 ауыл кең жолақты интернетпен қамтылған. Оның ішінде 3169 ауылға 3G және 4G мобильді кең жолақты интернет тартылған. Биыл жылдың соңына дейін халық саны 250 адамнан асатын 1 мыңнан астам ауылды мобильді интернетпен қамтамасыз ету кестесі бекітілген. Министр А.Жұмағалиевтің сөзіне сенсек, өткен жылы 500-ге жуық ауыл кең жолақты интернетке қосылған. «Бұл жұмысты биыл аяқтау қажет. Себебі интернетсіз цифрландыру өңірлерге келмейді. Жер үсті коммуникациялармен интернет жүргізу – экономикалық тұрғыдан тиімсіз және тұтынушылар үшін қымбат болуына байланысты біз жерсеріктер арқылы, оның ішінде One Web жаһандық жобасы аясында жұмыс жүргіземіз. Өткен жылы біз бірқатар кездесу өткіздік. Белгілі бір келісімге келдік. Қазірдің өзінде бірінші спутник іске қосылды, – деген министр мобильді интернетпен қамтамасыз етілетін 1 мыңнан астам ауылдың кестесі бекітілгенін де айтты.
Сонымен бірге биыл ауылдық жерде тұратын барлық азаматтарды әмбебап телекоммуникациялар қызметімен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 6,4 миллиард теңге қарастырылған. Ал өткен жылы бұл мақсатқа 7,4 миллиард теңге бөлінген. Осыған байланысты Үкімет басшысы А.Мамин «Бұл қаражат ауыл халқына анағұрлым төмен тарифпен әмбебап телекоммуникациялар қызметін көрсеткен байланыс операторының шығындарын өтеуге бағытталған. Сонымен бірге ауылдық жерлерде интернет желісіне қолжетімділік қызметі тек қана жеке тұлғалар үшін субсидияланады. Заңды тұлғалар үшін, оның ішінде жалпы білім беретін мектеп, денсаулық сақтау мекемелеріне субсидиялау заң бойынша қарастырылмаған, – деді.
Ал Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов статистика мен көрсеткіштер «бәйгесінің» салдарынан мектептердегі компьютерлердің ескіріп бара жатқанын мәлім етті. «Бүгінгі күні статистикаға сүйенсек, мектептерде компьютер көп секілді көрінеді. Бірақ олардың саны бар, сапасы жоқ. Өйткені компьютердің көбі ескі. 2000-2005 жылдары алынған компьютерлер де бар. Бірақ олар ешқайда сызып тастап, жіберілмейді. Неліктен? Өйткені бізге статистика мен көрсеткіштерге сүйену керек. Сондықтан заңнама бойынша бес жылдық мерзімді ғана қарастырып, бекітсек жөн болады. Бес жылдан бері қолданылып жүрген компьютерлерді қарап, ескілерін статистикаға қоспауымыз керек. Ондай көзбояушылықтың ешкімге керегі жоқ», – дейді Асхат Аймағамбетов. Министрдің айтуынша, мектептерге интернет қызметін қосатын провайдердің тарифі өте қымбат.
Жақында Президенттің қабылдауында болған «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қ.Есекеев «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының «Kcell» және «Tele2» компанияларының акцияларын сатып алғаны және олардың жұмысын интеграциялау шаралары, мобильді қызмет жобасының жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берді. Қасым-Жомарт Тоқаев басқарма төрағасына елді мекендерді толықтай мобильді байланыспен қамтамасыз етіп, ауылдардағы мектептер мен медициналық пункттерге интернет желісін жеткізуді, сондай-ақ олардың бағасын қымбаттатпауды тапсырды.
«Толқын» ақпарат
03 наурыз 2020 ж. 959 0