Төтенше жағдай кезінде қазақстандықтардың кредиті төленбей қалса не болатыны айтылды
Карантин кезінде қарапайым халықтың қарызы еселенбейтін шаралар қолға алынды
Коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде қазақстандықтар кредитті уақытында төлей алмаса, өсімпұл мен айыппұл есептелмейді.
Төтенше жағдай кезінде тұтынушылық кредит бойынша қарыз болса, өсімпұл мен айыппұл есептелмейді. Бұдан бөлек, банктер кәсіпкерлерге қарызды кейін төлеуге мүмкіндік жасайды. Бұл туралы үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова банкте кредиті бар азаматтарға қандай жеңілдік жасалатынын айтты.
Оның cөзінше, Азаматтық кодекстің 359-бабына сәйкес қарыз алушы төтенше жағдайға тап болса, мүліктік жауапкершіліктен босатылады.
«Жеке және заңды тұлғалар төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты төлемдерін кешіктірсе, қарыздар мен микронесиелер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмеуі тиіс», — деді ол.
Бұл норма жеке және заңды тұлғаларға, банктер ғана емес, барлық микроқаржы ұйымы (соның ішінде ломбард, несие серіктестіктері, қарыз беретін кредиторлар) берген қарыздарға қолданылады.
Айтуынша, егер қарыз алушы бір жыл ішінде мерзімі өткен берешегінің 50 проценттен астамын өтесе, онда нашар несие тарихын түзей алады.
Сонымен қатар, қазақстандық кәсіпкерлер бірқатар жеңілдікке ие болады.
«Төтенше жағдай кезінде төлемдердің кешіктірілуіне байланысты қарыз алушыларға айыппұл есептелмейді. Банктер кәсіпкерлерге төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін жасауы керек», — деді премьер министр Асқар Мамин.
Үкімет басшысы отандық бизнес бірдей шарттармен қосымша қаржылық жүктемесіз қолданыстағы бағдарламалардың жеңілдіктерін пайдаланатынын атап өтті.
Айта кетсек, үкімет президенттің бизнесті қолдау және еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасын орындау үшін жеті негізгі бағыттан тұратын жедел шаралар топтамасын әзірлеп, бекітті.
Бұл қолжетімді қаржыландыру, кепілдіктер беру, салықтық ынталандыру және бизнесті тексеруді азайту, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтамасыз ету.
http://kyn.kz/