"Тамақ та, су да жоқ": қазақстандықтар Мәскеуден елге қайта алмай жатыр
Шетелде жүрген қазақстандықтар барлық рейстер тоқтатылғанына байланысты елге қайта алмай жатқандарын мәлім етті.
Осылайша, қазіргі сәтте Ресей астанасының Внуково әуежайында отырған қазақстандықтар журналистерге жүгінді. Олар Қазақстанға транзиттік рейспен Мәскеу арқылы келе жатқандарын, алайда, SCAT әуе компаниясының рейстері тоқтатылғанына орай әуежайда отыруға мәжбүр екендерін жеткізген.
Жолаушылардың айтуынша, олармен Қазақстан консулдығының қызметкері кездесіп, тізім жинаған. Адамдар жабық бөлмеде сусыз, тамақсыз отырғандарын айтып шағымданды.
"Мәскеуден өз қаражатымызға ұшып кетуге дайынбыз, бірақ Внуково әуежайынан үйге рейстер жоқ. Басқа әуежайларда бар, бірақ біз мына суық бөлмеден шыға алмай отырмыз, төлқұжаттармызды алып қойған", – дейді Қазақстан азаматы.
NUR.KZ редакциясы "SCAT" әуе компаниясына ресми сауал жолдады.
Ресейдегі Қазақстан елшілігі мәлім еткендей, дипломатиялық миссия Внуково әуежайында қалып қойған қазақстандықтарға көмек көрсетуде. Ведомствоның мәліметінше, Мәскеу әуежайында 14 Қазақстан азаматы бар.
18 наурызда Ресейдегі Қазақстан елшілігінің консулы Бауыржан Ақатаев әуежайдағы отандастарымызбен кездесіп, олар туралы мәліметтерді жинаған. Сондай-ақ азаматтарға су мен тамақ берілген.
Еліміздің дипломатиялық миссия өкілдері ресейлік әріптестерімен қазақстандықтарды басқа әуежайға апарып, сол жерден Қазақстанға жеткізу мәселесі туралы келіссөздер жүргізуде.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде көптеген қазақстандықтардың дәл осы себеппен Тбилисиден елге қайта алмай жатқандары туралы ақпарат тарады.
Желіде жарияланған пост авторының айтуынша, Air Astana әуе компаниясы тоқтатылған рейстер бойынша билеттердің ақшасын қайтаруға уәде берген.
"Дәл қазір, екі жүзге жуық қазақстандық елдеріне қайта алмауда. Грузияда, Тбилисиде отыр. Бұл қорқынышты", – деп жазды Facebook желісінде Алексей Курапов.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін NUR.KZ редакциясы Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметіне жүгінді. Компания өкілдері кейінірек қабылданған шаралар туралы хабарлауға уәде берді.
Еске сала кетейік, 22 наурыз күні сағат 00.00-ден бастап Алматыға және Алматыдан жүретін барлық әуе және теміржол қатынасы тоқтатылады.
https://kaz.nur.kz/