Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сын сағатта бірлік керек мызғымас

Сын сағатта бірлік керек мызғымас

Қазіргі уақытта еліміз бойынша 30 күн мерзімге төтенше жағдай жарияланды. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары бойынша карантин жарияланып, еларалық байланыс шектелді. Барлық ойын-сауық орталықтары мен кафе-барлардың есігіне қара құлып ілінді. Той өткізу мен мерекелік іс-шаралардың да өткізілмейтіндігі айтылды. Бір сөзбен айтқанда адам көп шығырланатын жерлердің барлығына қатаң тиым салынды. Әрине мұндай талаптардың артында сақтық шаралары тұрғаны белгілі ғой. Бірақ осы ескертулерге де құлақ аспайтындар ара-тұра шығып жатыр. Осындай мезетте жалған ақпарат таратуға жаны құмарлардың жағымсыз тірліктері жария етілуде.Қазақтанның тұғыш президенті Н.Назарбаевта халықтың басына төнген осы бір қатерлі індетті бірге жеңуге шақырып, өзінің үндеуін жарялады. Бұл індетті Елбасы «дүлей дауыл» деп атап, одан аса сақ болуға шақырды.
– Бүгінде бәріміз коронавирустың жаһандық пандемияға ұласқанына куә болып отырмыз. Қазір вирус жер шарындағы 155-тен астам мемлекеттің, соның ішінде Қазақстанның да аумағына таралуда. Індеттің географиялық өрісі үздіксіз кеңейіп, құрбандарының саны да өсіп келеді. Бұл жағдайды халықаралық экономикалық дағдарыс – шикізат, валюта және қаржы нарықтарының құлдырауы ушықтыра түсуде. Мұның бәрі біздің елді де айналып өтпейтіні анық. Басқаша айтқанда, біз қазір «дүлей дауыл» деп сипаттауға болатын үлкен қауіп-қатер алдында тұрмыз. Шешу жолдарын табу тұрғысынан күрделі боп отырған қазіргі ахуал бір жағынан 1990-шы жылдардың басындағы жағдайға ұқсайды. Ол кезде біз шын мәнінде өте қиын жағдайда болған едік. Осындай ауыр кезеңде мен барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырамын, – деді.
Қазіргі таңда еліміз бойынша коранавирус жұқтырғандардың саны 50 адамға жуықтаған. Күн өткен сайын сан өсіп бара жатқан бұл кеселді жұқтырушылардың дені Нұр-Сұлтан мен Аламты қалаларында тіркеліп тұр. Қосымша Қарағанды облысынан да екі адам жұқтырғаны хабарланды. Төтенше жағдайға байланысты жұмыс режимін ұмытқан ақ халаттылар бүгінде тынымсыз еңбек етіп, дертке шалдыққандарға ем жүргізіп жатыр. Өз ісіне адал дәрігерлердің «Біз сіз үшін жұмыста қалдық, сіз біз үшін үйде отырыңыз» деген үндеуі бүгінде көптеген жүректерге жол тауып, халықтың дәрігерге деген сенімі мен сыйластығын тағы бір дәрежеге көтергендей болды. Сын сағаты таяған шақта қауіпті кеселдің нақ ортасында жүретін мұндай жандарға әрине қоғамның алғысы шексіз.
Иә, біздің бірлігіміз қазіргі қиындықты еңсеру арқылы айқындалады. Талай нәубетті бастан кешкен қазақ елінің тарихында бұдан да күрделі кезеңдер болған. Бірақ барлық ауыртпалықты жеңіп, әрдайым ортақ мүдде жолында табандылық танытып келеміз. Осы жолғы сынақты да ел болып еңсереміз деп сенемін. Себебі, біз мың өліп мың тірілген текті халықтың ұрпағымыз.
А.Қазыбаев,
Арал қаласының тұрғыны.
20 наурыз 2020 ж. 738 0