Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сексеуіл кентінде 300 балаға шақталған мектеп салынады

Сексеуіл кентінде 300 балаға шақталған мектеп салынады

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының Сексеуіл кентінде Президенттің тапсырмасына орай жаңа мектеп салынатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазіргі таңда Сексеуіл кентінде 3 мектеп, 2 жарым мың оқушы бар. Сол білім ұяларының екеуінде орын тапшы. Оның үстіне бұл оқу ошақтары темір жолдың тек бір жақ бетіне орналасқан.
Сексеуілдің 600-ден астам оқушысы темір жолдың арғы бетінен мектепке қатынайды. Жол қысқартқысы келгендері қаз-қатар жатқан 15 рельсті аттап, вагондардың астымен өтуге мәжбүр. Бұл әрине кішкентайлардың өмірі үшін аса қауіпті. Ақпарат құралдары арқылы айтулы мәселеге қаныққан Президент пәрмен беріп, жаңа мектеп құрылысы бірер күнде басталатын болды. Қаржысы толық шешілген. Құны 730 млн теңгеден асады.
«Кенттегі 3 мектеп темір жолдың бір жақ беткейінде орналасқан, ал қазіргі бөлініп отырған жер қарсы жақ бетінде темір жол өткелінің және балаларға, ата-аналарға мектепке қатынауға қолайлы орын деп табылып отыр», - дейді Арал аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова.
Тоғыз жолдың торабында тұрған Сексеуіл кентінде аурухана мәселесі де көптен өзекті болып келді. Көне ғимаратының тозығы жетіп, таршылық етті. Тұрғындар тілегі ескеріліп, жаңа аурухана салынып жатыр.
«Жалпы құрылыстың құны 782 млн теңге болады. 2019 жылы құрылыс жұмыстарын бастауға облыстық бюджеттен 50 млн теңге бөлінген еді. Енді биыл құрылыс жұмыстарын жалғастыруға 200 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға тиісті жұмыстар жалғастырылатын болады. Құрылыстың ұзақтығы нормативке сәйкес 21 ай», - дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағанбетов.
Облыс әкімі 11 мың тұрғыны бар елді мекендегі мектеп құрылысын жаңа оқу жылына дейін аяқтауда тапсырды. Ал аурухана құрылысының қалған қаржысы уақытылы бөлінсе, жыл соңына дейін пайдалануға беруге мүмкіндігіміз бар дейді мамандар.
19 мамыр 2020 ж. 748 0