Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандықтардың салық төлеуі жеңілдетілді: елімізде жаңа электронды қызмет іске қосылды

Қазақстандықтардың салық төлеуі жеңілдетілді: елімізде жаңа электронды қызмет іске қосылды

Қазақстандықтар кез келген салықты электронды түрде төлей алады. Елімізде осыған байланысты eSalyq мобильді қосымшасы арқылы "Салық əмияны" қызметі іске қосылды, деп хабарлайды stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Талғат Мамаев мәлім етті. Сөзінше, реквизиттердің толтырудың күрделілігі мен көптігінен кейбір салық түрі дұрыс төленбей жатады. Сол себепті бұл үрдісті оңтайландыру үшін жаңа қызметті іске қосу туралы шешім шығарылған. 
"Бюджеттік және салықтық заңнамаға сәйкес салықтың әр түрінің өз реквизиті бар. Қазіргі таңда 3 мыңнан аса реквизиттің ішінде салық төлеуші өзіне қажетті төртеуін көрсетуі керек. Олар: бюджеттік кодтың классификациясы, төлем тағайындау коды, бенефициардың БИН-і мен сома. Реквизиттің көптігінен бюджетке төлем дұрыс аударылмауы мүмкін. Осыған байланысты қалыптасқан бюджеттік, қазынашылық, банк жүйелеріне тиіспей, жаңа салықтық әмиян қағидатын енгізу туралы шешім қабылданды", - деді ол.
Жаңа қызмет арқылы енді бірқатар қиындақтар жойылады дейді Талғат Мамаев.
"Ол көптеген мəліметтерді толтырудың қиындығына байланысты салықтарды қате төлеу проблемаларын жояды. Қосымшаны App Store жəне Play Market-тен тегін жүктеуге болады. Салық əмияны негізсіз айыппұлдарды жойып, қайтарымдар мен инкассалық өкімдердің санын азайтады, салық төлеушінің шығындарын қысқартып, уақытын үнемдейді. Банктердің комиссиялық алымдарын төлемей, салықтарды төлеуге болады", - деп қосты Мамаев. 
Әмияндағы ақша автоматты түрде қажетті салық түріне бөлінеді екен. 
"Сіз бюджетке ағымдағы жəне алдағы міндеттемелерді салықтар жəне мемлекеттік кірістер органдары тұрғысынан қарай аласыз. Мүлік, жер жəне көлік салықтары бойынша салық салу объектілері туралы мəліметтерді көруге болады", - деді комитет өкілі. 

28 мамыр 2020 ж. 588 0