Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Телефонмен көңіл айтыңыз»: денсаулық сақтау вице-министрі қазақстандықтарға кеңес берді

«Телефонмен көңіл айтыңыз»: денсаулық сақтау вице-министрі қазақстандықтарға кеңес берді

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният қазақстандықтарды құттықтауды да, көңілді айтуды да телефон арқылы жеткізуге үндеді.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде эпидемиологиялық жағдай жақсарса да, өлім-жітім тыйылған жоқ. Ал қайтыс болған науқастардың 90 проценті артериялық гипертензия, жүректің ишимиялық аурулары мен қант диабетіне шалдыққан. Көбісі семіздіктен жапа шеккен.  
«Осыған байланысты барлық емханаға нұсқау берілді. Созылмалы ауруы бар адамдар емханаға қаралса, оларды дер кезінде ауруханаға жатқызу қажет. Сөйтіп, ауруды асқындырып алмай, емдеген жөн», – деп атап көрсетті  Ғиният.
Оның сөзіне қарағанда, қайтыс болған науқастардың медициналық құжаттарын тексергенде көп адамның эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, көпшілік шараларға, соның ішінде тойға барғаны белгілі болды. Ал ондай жерде бір науқас біраз адамға инфекция жұқтырады.
«Сондықтан дәрігерлердің атынан, денсаулық сақтау министрлігінің атынан көпшілік шараларға бармауыңызды сұраймыз. Біреуді құттықтаймын десеңіз, я болмаса, көңіл айтсаңыз, телефон арқылы жасағаныңыз жөн. Өйткені өлім-жітімнің болуы, эпидемиологиялық жағдайдың асқынуы медицина мамандарына ғана емес, барша азаматқа тікелей байланысты. Бұл инфекциялық ауру болғаннан кейін адамнан адамға жұғып, тоқтамай жатыр», – деп түйіндеді Ғиният.
kyzylorda-news.kz​​​
03 тамыз 2020 ж. 554 0