Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі бизнес өкілдерімен кездесті

Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі бизнес өкілдерімен кездесті

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі бизнес өкілдерімен кездесті. Жиында отандық өнім өндіру және жергілікті тауарөндірушілерді қолдау шаралары мен өндеу салаларының дамуы туралы мәселелер жан-жақты талқыланды.
Карантин кезінде кәсіпкерлерді қолдау бағытында бірқатар шаралар атқарылды. Атап айтқанда, салық жүктемесін азайту, кәсіпкерлік нысандарды тексеруді шектеу, бизнесті қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, басым бағыттарды қолдау тетігін күшейту және несие мөлшерлемесін төмендетуде бизнес иелеріне жәрдем берілді.
Өңірде 51 мыңнан аса кәсіпкер салық жеңілдігін алса, 9 мыңға жуық бизнес иелері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемінен босатылды. Сонымен бірге шағын орта кәсіп субъектілеріне мемлекеттік мүлікті жалға беруде 365 қосымша келісімдер жасалды.
Мұнан бөлек, аймақта 8 мыңға жуық шағын кәсіп иелері несиені кейінге шегеру мүмкіндігіне ие болды. Бұл қолдауды 15 қыркүйекке дейін ұзарту жұмыстары жүруде.
Карантин жағдайына қарамастан, мемлекеттік бағдарламалар аясында несие портфелінен 9,6 млрд.теңге қаралып, 600 жобаға қолдау көрсетілген. Жыл аяғына дейін тағы 700-ге жуық жоба қолдау табады.
Кездесу барысында облыс әкімі екінші деңгейлі банктермен келісім жасауда несиелік лимиттерді ұзарту мәселесін қозғады.
«Бүгінгі күні карантин жағдайын ескере отырып, екінші деңгейлі банктердің басшыларымен кепіл саясатына қойылатын талаптарды жеңілдету туралы келіссөздер жүргізудеміз. Сонымен бірге банктердің филиалын ашу мәселелерін қарап жатырмыз»,-деді облыс әкімі.
Карантин уақытында бизнесті қолдау бағытына арналған бағдарламаларға қаржы бөлу тоқтаған емес. Мәселен, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына бөлінетін қаржы 1,5 есеге, «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасына қаралған қаржы 2 есеге артқан.
Жиын барысында өңір басшысы бизнес иелеріне өндеу өнеркәсібін дамытуға шақырып, белсенді инвестиция тартып, аймақтың экономикалық даму көрсеткішін жақсарту арқылы аймақ халқының әлеуметтік ахуалын жақсарту қажеттігін атап өтті.
«Қазір біздің өңірде 6 ірі жоба іске асып жатыр. Осы жобалар аясында өндіріс орындарын ашып алуға болады. Мәселен, цемент зауыты арқылы қапшықтар шығаруға болады, сонымен бірге доломит ұндарын шығаратын кәсіпорын құруға мүмкіндігіміз ашылады»,-деді аймақ басшысы.
Кездесу соңында облыс әкімі сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, мемлекет пен бизнестің әріптестігін дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлерге алғысын айтты.
kyzylorda-news.kz​​​
14 тамыз 2020 ж. 589 0