Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік білім гранты 322 талапкерге бұйырды

Мемлекеттік білім гранты 322 талапкерге бұйырды

Биыл елдегі ахуалға байланысты білім саласында да біраз өзгеріс болды. Мектептегі оқу жүйесіне жаңа тәжірибе енгізіліп, оқушылар қашықтан оқытыла бастады. Мектеп бітіруші түлектердің салтанатты шаралары мен Ұлттық бірыңғай тестілеу қатаңдатылған талаптарды сақтай отырып өткізілді. Биыл аудан бойынша 784 түлек мектеп бітірген болса, 63 оқушы «Алтын белгі», 11 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Ал 579 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Мемлекеттік білім гранты конкурсына 411 бала құжат тапсырды. 15 тамыздан бастап мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі шыға бастады.
Білім грантын иелену – көптің арманы.   Биыл жоғары білімі бар кадрларды (бакалавр) даярлауға мемлекет тарапынан  53 864 грант бөлінді.  Сонымен қатар ғылыми-педагогикалық магистратура бағытына – 12 915, бейінді магистратураға – 710 және PhD докторларын даярлауға 2 355 грант бөлінген. Ал инженер кадрларын даярлауға – 14681 грант. Бұл – биылғы ең көп грант бөлінген сала. Соның ішінде құрылыс мамандықтарына – 2500, электротехника және энергетика мамандықтарына – 1800, тау-кен өндірісіне 1702 грант қарастырылған. Сәйкесінше,  педагогикалық кадрлар даярлауға 8243 грант бөлінді. Сондай-ақ жаратылыстану, математика және статистика салаларына – 4088, ақпараттық-коммуникациялық технологияларына – 3815, денсаулық сақтау саласына – 2700, ауыл шаруашылығы үшін – 1565, іскерлік, басқару және заңгерлік мамандықтарына 979 грант бөлінген болатын.  Арал ауданы бойынша мемлекеттік білім грантының конкурсына қатысқан оқушылардың 322-сі білім гранты иегері атанды.
№57 орта мектептің түлегі Ақбота Төребаева үшін бұл күн күтпеген тосын сый жасады. ҰБТ-дан 80 балл еншілеген ол мемлекеттік конкурсқа қатысты.
– Мен өзімнің жинаған балымды аса жоғары деп санаған жоқпын. Бірақ бұйырмыстан артық ештеңе жоқ. Конкурс кезінде қалайда мемлекеттік грант алуды ойладым. Солай төрт түрлі мамандық бойынша құжат тапсырдым. Ең бірінші Алматыдағы Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетін белгілеген болатынмын. Конкурс нәтижесінде аталған оқу орнының дефектолог мамандығы бойынша мемлекеттік грант иегері атандым. Осылайша мен арманыма алғашқы қадам бастым. Ата-анам, ұстаздарым, барлық жақын тілеулестерім қуанып жатыр, – дейді Ақбота.
Ал қаладағы №220 орта мектептің түлегі Нұрлыгүл болса өзі армандаған оқу орнына түсті. Ол енді арман қуып, еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанда білімін жалғастыратын болады.
– Мектепті «Алтын белгімен» бітірдім. ҰБТ-дан 121 балл жинадым. Конкурс кезінде Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан медициналық  жоғары оқу орнының төрт мамандығын таңдадым. Қалайда Нұр-Сұлтан қаласында оқысам деген арманым болды. Конкурс нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық университетке «Фармация» мамандығы бойынша грантқа түстім, – дейді Нұрлыгүл Дөңесова
Жас талапкерлерге білім жолында қанаттарың талмасын дейміз.
18 тамыз 2020 ж. 1 001 0