Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық картасы әзірленді

Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық картасы әзірленді

Карантиндік шектеулер кезінде Қызылорда облысында 8 мыңнан астам кәсіпкер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемінен босатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тағы 54 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысаны салық жеңілдіктеріне ие болды. Бұл туралы бүгін халыққа есеп беру кездесуінде Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова айтты.
Кәсіпкерліктен бөлек, аймақ басшысы өзге салалардағы ахуалға да тоқталды. Карантин кезінде Қызылорда облысында қызмет көрсету саласы өзгелермен салыстырғанда көбірек шығынға батты.
Мәселен, аймақтағы 128 мейрамхананың көбі жұмысын тоқтатқан. Ал он шақтысы бағытын өзгертіп, өндіріске бет бұруға мәжбүр болды. Осыған байланысты облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық картасы әзірленді. «Егер ондағы 265 жоба жүзеге асса, 4600 жұмыс орны ашылады», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Бұдан бөлек, өңірде жұмыспен қамтудың жол картасындағы міндеттер де орындалып жатыр. Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі:
–Осы жылға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жалпы сомасы 38,9 млрд теңгеге 277 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген, бұл 9,5 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтиды. Аймақ басшысы эпидемологиялық ахуалға да тоқталды. Коронавирустың екінші толқыны бола қалса, 3200 орындық 21 стационар әзірленеді. Бұдан бөлек, 200 науқасқа арналған инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Қазір медициналық мекемелерде 244 өкпені жасанды желдету аппараты бар. «Дәрі-дәрмек те, мамандар да жеткілікті», - деді облыс әкімі.
Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі: –Қазір облыста 138 медициналық жедел бригада бар. Олар науқастардың үйіне барып, амбулаторлық көмек көрсетеді. Ал санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы 24 тексеруші топтың бақылауында.
24.kz
23 қараша 2020 ж. 586 0