ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Сыр еліне жұмыс сапарымен келді
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Сыр еліне жұмыс сапарымен келді.
Министр мен облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет алдымен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасындағы Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Әл-Фараби әлемі», Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Кемеңгерліктің биік шыңы Абай», Тәуелсіздік күніне арналған «Ел тұғыры-Тәуелсіздік» тақырыбындағы кітап көрмелерімен танысты. Мұнан соң сырбойылық мәдениет және өнер саласы өкілдерімен кездесіп, ағымдағы жылы аймақтың мәдениет саласында атқарған жұмыстарын саралады.
«Сыр өңірін қашан да өнер ордасы деп танимыз. Сондықтан биыл Қызылорда облысы мәдениет саласында көптеген жұмыстар атқарып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Белгілі ақын Мұхтар Ниязов Елордада өткен «Абай тағылымы – тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық ақындар айтысында бас жүлдені иеленіп, үшінші мәрте «Алтын домбыраны» жеңіп алды. Сүлейлердің ізбасары Күнсұлу Түрікпеннің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды. Мұның бәрі Қызылорда облысындағы мәдениет саласындағы майталмандардың ерен еңбегінің арқасы деп білемін. Баршаңызды «Тәуелсіздік күні» мерекесімен құттықтай отырып, алдағы жұмыстарыңызға да сәттілік тілеймін», – деді Ақтоты Райымқұлова.
Кездесуде сөз алған Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Әмір-Темір Хұсейін мемлекеттің мәдениет саласына жасап жатқан қолдауларына ризашылығын білдірді. Қасиетті өнердің қара шаңырағы – Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры ғимаратының шатырына күрделі жөндеу жүргізіліп, облыстық филармонияның қосымша ғимаратының құрылысының басталуы Сыр өнерінің алға басуына айтарлықтай ықпал жасады дейді.
Келелі жиында өнер иелері министр Ақтоты Рахметоллақызына сауалдарын жолдап, өңір мәдениетін дамыту тұрғысындағы пікірлерімен бөлісті. Кездесу соңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен 6, Құрмет грамотасымен 3, Алғыс хатымен 3 өнерпаз марапатталды. Сонымен қатар Сыр өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін 10 мәдениет саласының қызметкері облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Министр жұмыс сапары барысында «Мұз айдыны» спорт кешенінің жұмысын да көрді. Кешенде шайбалы хоккей және мәнерлеп сырғанау бойынша оқу-жаттығу сабақтарына, жарыстар өткізуге және халық жаппай сырғанауға арналған жасанды мұз айдыны, оқу-жаттығу сабақтары мен волейбол залы және күрес түрлері мен көркем гимнастикадан оқу-жаттығу сабақтары мен жарыстар өткізуге арналған зал бар. Ақтоты Райымқұлова мұнда Сыр спортшыларымен пікірлесіп, спорт саласындағы атқарылған жұмыстармен танысты. Кездесуде Вилорий Пак, Илья Ильин, Хәкімжан Елеусінов соңғы уақытта спортқа деген тұрғындардың қызығушылығы артқанын айтып, салаға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларға алғысын жеткізді.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың Қызылорда облысындағы жұмыс сапары облыс орталығындағы А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде қорытындыланды. Министр мәдениет үйі жанынан құрылған «Жастар театрының» жұмысымен танысты. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі жанынан шығармашыл жастарға қолдау көрсету мақсатында 2016 жылы «Жастар» театры құрылып, «Алғашқы махаббат» қойылымымен театр шымылдығын ашты. Театрға «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Оңталап Нұрмаханов жетекшілік етеді. Қазір мұнда 15 жас талант қызмет атқарады. Театр ұжымы А. Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Қарағанды қаласында өткен республикалық онлайн театрлар байқауына О.Нұрмахановтың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…» атты қойылымымен қатысып Бас жүлдені иеленді. Ақтоты Рахметоллақызы мәдениет үйі мен театр ұжымының жұмысына оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
kyzylorda-news.kz