Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін Мұхтар Ниязов иеленді

«Республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін Мұхтар Ниязов иеленді

kyzylorda-news.kz Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай жолымен» атты республикалық ақындар айтысының ашылу салтанатына қатысты.
Аймақ басшысы айтыс – сөздің аламаны, халқымыздың өр рухының нәрі, сонымен қатар, идеологиялық тәрбиенің өткір құралы екенін атап өтті.
Қасиетті Сырдың бойы қазақ өнерінің қара шаңырағы және ортаймас ордасы
екені – мойындалған шындық. Бұл киелі өлке ұлт өнерін асқақтатқан талай дүлдүлдер мен жүйріктерді дүниеге әкелген.
«Мысалы, сырнаймен төгілте жыр төккен Нартай, Сыр әуенін әуелете салған Әбілда Жүргенбаев, Мүтәліп Қыраубаев, сөз өнерін өрістеткен Манап Көкенов, Бибігүл Жаппасбаева, кеше ғана сексеннің сеңгіріне шыққан ақиық ақын Зәмеддин Ибадуллаев, ұстаздық пен айтысты қатар алып жүрген Серік Ыдырысов және айтыстың ақтаңгері, екі мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың сөз сайысында ел намысының туын түсірмеген Кенжебай, Әбілқайыр, Нұрмат, Мейірбек сынды арынды ақындардың шабыттарын шыңдап, аққанат жырларын аспандатқан мекен», – деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.
Қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған республикалық «Абай жолымен» атты ақындар айтысына республикадан барлығы 12 ақын келді. Ал, ақындардың өнеріне Халық ақыны, Қазақстан Республикасының мәдениет және білім саласының үздігі Әсия Беркенова, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, жырау, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов пен ақын, журналист, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанарбек Әшімжан және Қ.Мырзалиев атындағы өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла қазылық етті.
Республикалық ақындар айтысының ашылуынан кейін «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов партия қатарына жаңа мүшелерді қабылдау салтанатты шарасына қатысты.
Бүгін Сыр елінде өтіп жатқан ақындар айтысының бас жүлдесін екі дүркін алтын домбыраның иесі, айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязов иеленді. Ал І орынды оралдық Жансая Мусина қанжығасына байласа, ІІ орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген Әсем Ережеқызы иеленді. Қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан мен Арқалықтың тумасы Айбек Қалиев ІІІ орынға жайғасты.
Жеңімпаздарды «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов марапаттады.
28 ақпан 2020 ж. 896 0