Қызылордада еріктілер айтысы өтті

"Еріктілік - халқымыздың шынайы болмысы, салт-дәстүрі. Сондықтан, бәріміз міндетті түрде бұл дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Бұл бастама - ұлтты ұйыстырып, мемлекетті нығайту үшін қажет", - деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылды "Волонтер" жылы деп жариялағаны баршаға белгілі.
Ұлтымыздың ұлы жолы, бай тарихы, бабалар өмірі, ірі тұлғаларымыздың өнегелі ғұмыры бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің баға жетпес құндылығы.
Ұлы даланың құндылықтарын жаңғыртып, дүние жүзі өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан, қазақ даласында еріктіліктің нағыз үлгісін көрсеткен ұлы тұлғаларымызға арналған көптеген игі бастамалар атқарылуда.
Игі істердің жалғасы ретінде, Қызылорда қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Алтын Орданың 750 және Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған "Ұлы даланың ұлағаты" атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Бұл айтыстың ерекшелігі Қазақ елінің дүл-дүл ақындары Қызылорда қаласы әкімдігінің шақыртуын қабыл алып, жүлде қоры ынталандыру сыйлығымен шектелген жыр додасына ерікті түрде қатысып, Тәуелсіз Қазақстанның өткені мен болашағын, даму мен өркендеуін сараптап, Хакім Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеуді суырып салма өнерлерімен халыққа жырдан шашу шашып, рухани кеш сыйлады.

"Айтыс өнерінің қазақ әдебиеті тарихында алатын орны мен мәні ерекше. Хәкім Абай атамыздың "Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы" атты өлеңінде жырлағандай, "Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы" демекші, өнерлеріңіз өрісті болып, шабыттың шыңына жетелесін.
Қасиетті қазақтың қара домбырасының күмбір үнімен, дана халқымыздың сөз өнерін жандарыңызға жалау етіп, дүйім елдің құрметіне бөленіп, ақын бабаларымыздың салған сара жолы, суырып салма шешендеріміздің келер ұрпақпен жалғасқан салтанатты сапары үзілмесін", - деген тілегін білдіріп, додалы дуда бас қосқан жүлделі жүйріктерге сәттілік тіледі.

Сөз сайысқа жырау, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат" орденінің иегері Алмас Алматов, ақын, мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы және ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы қазылық жасады.
Әзіл мен әні, қағытпа қалжыңы, барымтаға қарымтасы жарасқан сөз додасы өте жоғары деңгейде өткенін айтыстың соңына дейін көңілі басқаға бөлінбей, көбесі сөгілмей отқан халықтан аңғаруға болады.

