Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Абай мұрасы – асыл қазына

Абай мұрасы – асыл қазына

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт көңілінен шықты Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын ұлтымыздың ұлы ақынын ұлықтауда тілге, әдебиетке деген жанашырлығы, Абай Құнанбаевтың шығармашылығына деген құрметі деп білуіміз керек.

Абай ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды, – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ Елбасының: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартып тұр емес пе?! Арал аудандық орталық кітапхана ұжымы Абай шығармаларын жас ұрпақ бойына ана сүтімен сіңіруге, қадір-қасиетін түсіндіруге бір кісідей атсалысады. Абай оқуларын өткізу, Абай шығармаларын насихаттау, ақынға байланысты шығармаларды сахналау, төменгі топ оқырмандардан бастап Абай өлеңдерін жаттату, оның қара сөздерінің мәнін ашып беру, басқа да көп іс-шаралар жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың барлығы осы жылдың ішінде атқарылмақ. Басты мақсат – Абайдың дүниетанымын және оның рухани мұрасын жастарға кеңінен насихаттау. Сол арқылы жастардың бойындағы рухани сананы жаңғыртып, әдебиеті мен мәдениетін тани түсуге мүмкіндік жасалмақ.

Г. Күлмашова,
Арал аудандық орталық кітапхананың әдіскері
18 қаңтар 2020 ж. 2 235 0