Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛДА ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТКІЗІЛДІ

АРАЛДА ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТКІЗІЛДІ

Бүгін аудандық мәдениет орталығында Жастар жылына орай белгілі айтыскер ақын, термеші, әуесқой композитор Ниятолла Раманқұловты еске алуға арналған «Ақиқат жырдың арнасы - Аралдың Ниятолласы» атты облыстық мектеп оқушылары арасындағы жас ақындар айтысы өткізілді.
Жыр додасының ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов қатысып, Ниятолла Раманқұловтың өмірі мен шығармашылық жолына тоқталып өтті. Сонымен қатар, дәстүрлі өнерімізді дәріптеп, ойлы өлең шалымды шумақ құрап келген сөз зергерлеріне сәттілік тіледі.Одан соң облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының қызметкері, жырау Берік Саймағамбетов сөз алып, жас айтыскерлерге ізгі лебізін білдірді.
Айтысты республикаға белгілі жыршы – термеші, айтыскер ақын Марат Сүгірбай жүргізді. Сөз жүйрігін даралайтын додаға Арал ауданымен қатар Шиелі, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарынан келген 12 жас ақын қатысып, сынға түсті.
Көмейіне жыр толтырып, сөзден маржан терген жас ақындар Ниятолла Раманқұловтың шығармашылығын тақырыпқа арқау етіп, көпшілік көрерменді өнерлерімен тәнті етті.
Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлдені қазалылық ақын Серіков Бекзат жеңіп алды. Жүлделі I орынды Қызылорда қаласынан келген Биқожа Нұржігіт қанжығасына байласа, аралдық ақын Ерасыл Сейітжанұлы II орынды, жалағаштық ақындар Өмірзақ Дидар мен Берікқызы Динара III орынға ие болды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
28 қараша 2019 ж. 1 268 0