Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еріктілердің қоғамдағы орны ерекше

Еріктілердің қоғамдағы орны ерекше

Еріктілік еріккеннің ісі емес, ерлікпен пара-пар. Бүгінде ерікті жастардың бас­тамашыл болуымен қоғамда көптеген мәселе оң шешімін тауып келеді. Ел басына түскен сын сағатта жасырын қалуды жаны қаламайтын жастар жұмыла жұдырық болып, қиындықты бірге еңсеруге үлес қосты. Олардың осы батыл қадамы Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. 2020 жыл «Волонтер жылы» деп жарияланды. Сейсенбінің сәтінде ел жастары елордада бас қосты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ресми ашылуына арналған шара өтті.
Бүгінгі шара еліміздің әр түкпірінен келген жастардың басын бір арнаға тоғыстырды. Жастар өздерінің тың идеяларын ортаға салып, жұмыстарымен таныс­тырды. Сондай-ақ шара барысында Мемлекет басшысы волонтерлердің әлеуетін арттыруға бағытталған бірнеше маңызды бастамаларға тоқталды.
– Бүгін бәріміз ерекше әрі тарихи оқиғаға байланысты елордамыздың төрінде жиналып отырмыз. Бұл – ел тарихында бұрын-соңды болмаған маңызды іс-шара. Сондықтан баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Биыл – Волонтер жылында көптеген ауқымды жобалар қолға алынады. Осы арнайы кеңседе өте маңызды бастамалар жүзеге асады деп сенемін, – деген Мемлекет басшысы мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірінде ашылғандығын атап өтті.
«Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын асар дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің бас­­ты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету», — деді Мемлекет басшысы.
Шарада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстанда 200 волонтерлік ұйым жұмыс істейтіндігін айтты.
– Волонтер жылы аясында бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асыру көзделуде. Осы ретте бүгін ашылып отырған фронт-кеңсе еліміздегі волентерлік қызметті жаңа деңгейге көтереді деп сенемін. Бүгінде елімізде 50 мың белсенді азаматы бар 200 волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Мәселен, Сіз бастама жасаған «Таза Қазақстан» акциясына 300 мың адам қатысты. Осы жылы бұл акцияны жалғастырамыз. Меніңше, қатысушылар саны миллион адамға жетіп қалуы тиіс. Биыл Қазақстан дүниежүзілік акцияның қатысушысы болады. Өзіңіз де жақсы білетін жақсы мысалдарымыз да бар. Ол – Арыс. Сол кезде еріктілер, оның ішінде жүздеген жас Арысты қалпына келтіруге қатысты, – деді ол.
Қазақстандықтардың тек 6 пайызы ғана волонтерлікпен белсенді айналысады. Дегенмен, волонтерлік шараларға қатысуға ниетті қазақстандықтардың саны 48 пайызға жуық­тайды.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, еріктілердің  әлем дамуына  тигізер үлесі зор. Жаһандық жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайызы – еріктілер еңбегінің нәтижесі. Көптеген елде ерікті болу қалыпты жағдай, үлкен құр­мет саналады. Жұртшылық оларды сыйлайды. Мысалы, Франция халқының жартысына жуығы волонтер атанған. Германия мен Жапонияда ерік­тілердің саны жылдан-жылға көбейіп келеді екен.
Біз де осындай деңгейге ұмтылуымыз керек дей келе,  азаматтарымыз өзгеге көмек көрсетуден аянып қалмауы қажеттігін, сол арқылы қоғамда әлеуметтік жауапкершілікті арттыратынымызды, волонтерлік – патриотизмнің бір көрінісі екендігін, және еріктілер, ең алдымен, елдің игілігіне қызмет ететіндігін баса айтты. Олардың жұмысы азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Бүгін де еліміздің азаматтары мұқтаж жандарға қол ұшын беруге әрдайым дайын екенін көрсетіп келеді. Арыс оқиғасы – соның айқын дәлелі.
Төтенше жағдай кезінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған волонтерлер зардап шеккендерге көмектесті. Қаланы қалпына келтіруге белсене атсалысты.
Волонтер жылының басты ұраны – «Birgemiz». Сондықтан биылғы барлық бастамалар мен игі істер халқымыздың бірлігін бекемдей түспек. Мемлекет тарапынан да еріктілерге жан-жақты қолдау көрсетілмек.
– Енді волонтерлік жұмыс еңбек өтілі ретінде есептеледі. Сондай-ақ волонтер студенттерге қосымша стипендия беріледі немесе пән кредиттерін жабуға рұқсат етіледі. Осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға да қаржылай көмек беріледі. Осыған орай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 400-ден астам шағын грант бөлінеді. Әр гранттың құны 300 мың теңге көлемінде болмақ. Одан бөлек, әкімдерге жергілікті бюджеттен қосымша гранттар бөлуді тапсырдым, – деген Президент  еңбегімен ерекшеленген волонтерлер мемлекеттік наградаларға ұсынылады.
Сондай-ақ кәсіпкерлердің де волонтер жылы шараларын жүзеге асыруға белсене қатысуы қажет деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  барлық жобаларды мемлекеттік органдармен және бизнеспен өзара тығыз іс-қимылда жүзеге асыру қажет. Осы жылдың күн тәртібі корпоративтік волонтерлікті дамытуға байыпты серпін береді деді, волонтерлердің «BIRGEMIZ» республикалық фронт-кеңсесін ресми іске қосу шарасында.
– Әрине, волонтерлік бастамалардың ілгерілеуіне екпін беріп, белсенділер үшін барлық жағдай жасайтын жергілікті атқарушы органдар маңызды рөлге ие болуы тиіс. Мен қазір ғана барлық атқарушы органдардың басшыларына тапсырма берді деп санаңыздар. Бірінші кезекте, мемлекеттік қызметшілер, ұлт­тық компаниялардың, коммуналдық кәсіп­орын­дардың қызметкерлері жұмыс аптасының бірнеше сағатын бұл бағытқа бөліп, үлгі-өнеге көрсетуі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еріктілер еліміз үшін ауқымды әрі маңыз­ды жұмыс атқарып келеді. Сол арқылы Қазақ­станның өсіп-өркендеуіне үлес қосып отыр. Мемлекет басшысы  оларға қолдау көрсету үшін нақты шаралар қабылдап, Үкімет пен басшыларға тапсырма жүктеді. Волонтер жылында, ең алдымен, ел жастарына сенім артқан Мемлекет басшысы әрдайым абыройлы әрі табысты болыңыздар деген тілегімен өз сөзін қорытындылады.

Н. БАҚЫРАН
16 ақпан 2020 ж. 1 948 0