Гүлшара Әбдіқалықова балалар ауылына барды
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылына барып, ондағы тәрбиешілер мен балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Мұнда бүгінде 7 отбасы, 56 бала тұрады.
Аймақ басшысы алдымен «Байқоңыр» үйіне кіріп, отбасы мүшелерімен танысты. Бұл отбасында әр ұлттың балалары тәрбиеленеді. Отбасының ана-тәрбиешісі Жұлдыз Сәдібекова балалардың бөлмелерін көрсетті. «Байқоңыр» үйінің бірінші қабатында ойын бөлмесі бар. Тәрбиеленушілер мұнда бос уақыттарында ойын ойнап, қолөнермен айналысады. Ал, балалардың оқу бөлмесінде Елбасына арналаған Құрмет тақтасы орнатылған. Үйдің екінші қабатында жатын бөлмелері мен қонақ бөлмесі орналасқан.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Алатау»шығармашылық үйінің жұмысымен де танысты. Акт залында өңір басшысы балалар үйінің тәрбиеленушілері ұйымдастырған жаңа жылдық мерекелік шараны тамашалап, оларды мерекемен құттықтады.
- Құрметті балалар, менің жас достарым! Сіздерді келе жатқан жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Балаларымыз озық ойлы, білімді болсын деген ниетпен қазіргі таңда мемлекет тарапынан да, өңір тарапынан да барлық жағдай жасалуда. Бос уақыттарыңыздың тиімді өтуі үшін осы жерде «Робототехника», «Медиа клуб», «Шағын тігін шеберханасы», «Балалар және қолөнер бөлмесі» және «Арт студиясы» ашылды. Сіздер спортпен шұғылдансын, жаны сергек, тәні сау азамат болсын деп қаламыздағы «Мұз айдыны», «Евразия», «Тарлан» спорт кешендері мен «Оқушылар сарайына» тегін қызмет етуді үйлестірдік. Мен апайларыңыздан Сіздердің жағдайларыңызды үнемі сұрап отырамын. Жеткен жетістіктерің көңілімізді марқайтады. Атап айтсам, Рано Сабанқұлова Лондонда өткен халықаралық шығармашылық фестивалінде І орын алыпты. Ал, бишілер мен әншілер тобы жақында Польша, Түркия елдерінде өткен халықаралық байқауларда бірінші орынға ие болыпты. Әрдайым осылай зор жетістікке жете беріңіздер! – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.
Шара соңында балалар үйінің ауласындағы жасыл шырша қасында аймақ басшысы тәрбиеленушілермен естелікке суретке түсті.
egemen.kz