Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент тапсырмасы: Қазақстанда білім беру саласын басқару жүйесі өзгерді

Президент тапсырмасы: Қазақстанда білім беру саласын басқару жүйесі өзгерді

2021 жылдан бастап елімізде білім беру саласын басқару жүйесі өзгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен білім беру саласын басқару жүйесін өзгертетін тиісті заң қабылданды. Енді 2021 жылдан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру басқармаларына беріледі, яғни бұл мектептер мен балабақшаларға да қатысты. Бұл – жалпы білім беру саласы үшін өте маңызды қадам.
Жаңа жүйеге қатысты пікір білдірген ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұған дейін білім басқарламалары әкімдіктерге бағынатын мектептер мен балабақшаларға іс жүзінде әсер ете алмайды. Ал Білім және ғылым министрлігі өз кезегінде оларға тек жанама түрде, Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, оқу бағдарламалары мен НҚА арқылы ықпал ете алады.
«Сондықтан енді мектептер мен балабақшалар облыста бір орталықтан ғана басқарылса, қаржыландыруды теңестіру және арттыру мәселелері кешенді түрде шешіледі. Бұл шағын бюджеті тек еңбекақы төлеу қорына ғана жететін аудандар үшін де өте қолайлы болады. Бұл – жақын арада жүйемізді әлдеқайда тиімді ететін білім беру саласындағы қажет шешім», – деген еді министр.
inform.kz​​​
01 қаңтар 2021 ж. 672 0