«АЛТЫН ДОМБЫРА» ИЕГЕРІ АРАЛДЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін айтыс өнерінің хас шебері киелі Арал өңіріне ат басын бұрып, аралдық ағайынның ыстық ықыласына бөленді. Осы орайда бүгін аудандық мәдениет үйінде «Айтыстың ақтаңгері – Мұхтар ақын» атты кездесу кеші өткізілді. Кездесу кешінде ақын иемденген «Алтын домбыра» киелі сахна төріне орналастырылды.

Тағылымды шарада сөз тізгінін ең алдымен аудан әкімі Мұхтар Оразбаев алып, Мұхтар Мәуленұлына ізгі лебізін білдірді.
- «Сіздің ұлттық өнер жолында туған жырларыңыз халық жүрегіне жетіп, елдің ыстық ықыласына бөленіп келе жатқанына куәміз. Ата-бабамыздан мұра болып қалған айтыс өнерінің қаймағын бұзбай, келешек ұрпаққа аманат етуде де қосар үлесіңіз зор. Сондықтанда сөз қадірін ұғынған Сіздей ардақты азаматты қашанда мақтан тұтамыз! Сізді барша аралдықтардың атынан үшінші мәрте дәстүрлі «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысының жеңімпазы атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын!»,- дей келе халқымыздың ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан киелі айтыс өнерін құрметтеп, жаңғырту, кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру баршамыздың міндетіміз екендігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар дәстүрімізге сай ақынның иығына шапан жауып, арнайы құттықтау хатын табыс етті.

Ақынмен жүздесу шарасында айдынды Арал өлкесінің жас ақындары Шижағалық Ерасыл Сейтжан мен Шөмішкөлдік Ақылбек Бекболат Мұхтар ақынның өнері тақырыбында айтысып, кеш иесінің батасын алды.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі