Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Қызылорда облысына нақты қолдау көрсетуді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Қызылорда облысына нақты қолдау көрсетуді тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Қызылорда облысына нақты қолдау көрсетуді тапсырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мемлекет басшысының сөзінше, Қызылорда облысы күрделі кезеңді бастан кешіп жатыр. Өңірдің негізгі табысы мұнайдан түсетіні белгілі. Бүгін де оның қоры таусылып, өндіру көлемі азайып барады.
Президент соған қарамастан алға жылжу қажет екенін ескертті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қызылорда өңірін қолдау үшін жұмыс екі бағытта жүргізілуі керек.
"Біріншіден, жаңа мұнай-газ кеніштерін барлап, қазіргі кен орындарына зерттеу жүргізу керек. Екіншіден, өңірдің экономикасын әртараптандырған абзал. Сонымен қатар шағын және орта бизнес пен қызмет көрсету саласын дамыту өте маңызды. Бұл міндеттерді орындауға өңірдің өз шамасы жетпейді. Бюджеті жеткіліксіз. Сондықтан Үкіметке Қызылорда облысына нақты қолдау көрсетуді тапсырамын", – деді Президент.
Осы орайда Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова биыл 42 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын айтып, баяндама жасады.
Оның сөзінше, облыс бойынша 492 шақырым жол мен көше жөнделді. 13 әлеуметтік нысан іске қосылды. Облыстың 97 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы саласындағы өсім қамтамасыз етілді. "Өңір экономикасының басты проблемасы - мұнай саласының артта қалуы. Уранды өңдеу азық-түлікті өңдеу мен өндіруге кері әсер етті. Биыл 4 жобаны 48,5 млрд теңгеге жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Өңірдің 2023 жылға дейінгі экономикалық картасын әзірледік. Биыл жобалар санын 500-ге жеткізу жоспарланып отыр. 89 жоба қазір жүзеге асырылып жатыр", – деді Әбдіқалықова.
Еске сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталғанын жазған едік.
Онлайн форматтағы жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылғы қорытындылары мен алдағы жоспары талқылануда.

kaz.nur.kz
26 қаңтар 2021 ж. 381 0