Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі өңірдегі елді мекендерді газдандыру жоспары туралы айтты

Облыс әкімі өңірдегі елді мекендерді газдандыру жоспары туралы айтты

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария ауданына сапарлап, Тереңөзек кентін көгілдір отынға қосу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Сырдария ауданына барып, бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысанды аралады. Алдымен аймақ басшысы Жетікөл ауылдық округіне ат басын бұрып, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жүзеге асқан тұрғын үйлерді сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.
«Корпорация Әлем-Құрылыс» ЖШС-і қолға алған жобаның құны 144,5 млн. теңгені құрайды. Қайта жаңғырту және кеңейту жұмыстары арқылы 18 жұмыс орны ашылған. Ауыз су құбыры мұнарасында аудан әкімі Талғат Дүйсебаев Жетікөл елді мекенінің тұрғындары үшін маңызды тұрғын үйлерді сумен жабдықтау жұмыстарының орындалу барысын баяндады.
Мұнан кейін, облыс әкімі ауылдық округтегі №174 орта мектептің және «Балауса» шағын орталығының жұмысымен танысты. 320 орындық мектепте 158 оқушы білім алады. Оқу ордасы жанынан 25 орындық «Балауса» шағын орталығы ашылған. Бүгінгі күні мектепте 60 қызметкер, шағын орталықта 11 маман жұмыс атқарады. Гүлшара Әбдіқалықова шағын орталықтың жұмысын бағамдап, балалардың сақтығы мәселесіне жете мән беруді тапсырды.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Тереңөзек кентіне барып, кенттегі газ құбырлары және кварталішілік газ құбырларының құрылысымен танысып, ауыл тұрғындарына көгілдір отын беру рәсіміне қатысты. Жалпы құны 2,4 млрд теңгені құрайтын Тереңөзек кентіндегі кварталішілік газ құбырлары желісінің құрылысы 2019-2020 жылдары жүзеге асты. Облыс әкімі 11 мыңнан астам тұрғынды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген айтулы күнде сырдариялық тұрғындарға табыс тілеп, қуаныштарына ортақтасты.
«Кент орталығына қосылып жатқан алау отынымыз, көгілдір газ әр отбасына өзінің жылылығымен келе берсін. Әлемді шарпыған дағдарысқа қарамастан, әлеуметтік маңызы бар құрылыс, газдандыру секілді күрделі бастамаларды кейінге қалдырмай, іске асырып келеміз.
Өткен жылы Арал ауданындағы Жақсықылыш, Қазалы ауданындағы Мұратбаев және Шиелі ауданындағы Байсын елді мекендері газға қосылды. Нәтижесінде, қазіргі таңда облыс тұрғындарының 65 пайызы табиғи газға қол жеткізіп отыр. Аудан орталықтарын толық газдандырғаннан кейін, облыстағы елді мекендерге көгілдір отын жеткізу жоспарымызда бар. Бұл – бір ауданның ғана емес, облыстың қуанышы. Әр отбасынан жылу кетпесін, Отанымыздың қуаты арта берсін»,-деді облыс әкімі.
Елді мекендерді газға қосу кезең-кезеңімен іске асады. Сырдария ауданында жоба бойынша бірінші кезекте Тереңөзек кентіне жақын орналасқан Қалжан ахун, Сәкен Сейфуллин, Асқар Тоқмағамбетов және Сырдария өзенінің оңтүстігіне газ құбырын өткізіп, Шаған елді мекені көгілдір отынға қосылады.
Айта кетейік, Облыста Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарының орталықтары мен Байқоңыр қаласы көгілдір отынға қосылған. Қалған 3 аудан орталығы - Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек, сондай-ақ, Сексеуіл, Төретам, Ақай елді мекендерін газдандыру кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Кентті көгілдір отынға қосу рәсімінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайролла Әбенұлы ел игілігіне бағытталған, әлеумет үшін өзекті мәселенің шешімін тапқанын тілге тиек етіп, ауыл тұрғындарын құттықтады.
Мұнан кейін аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова газ алауы жағылған Ғани Мұратбаев көшесіндегі №94 үйдің тұрғыны, еңбек ардагері Қонысбек Әбсадықовтың үйіне барып, отбасының қуанышымен бөлісті.
Сырдария ауданындағы жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі аудан әкімі Талғат Дүйсебаевқа бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді. Коронавирустық инфекциядан сақтану бағытындағы сақтық шараларын сақтау және карантин талаптарын ескеруді тапсырды. Сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық табыс көзін құрайтын маңызды жобаларды іске асыруды қаперге салды.
01 ақпан 2021 ж. 502 0