Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2023 жылдан бастап оқушылар латын әліпбиімен білім алады

2023 жылдан бастап оқушылар латын әліпбиімен білім алады

2023 жылдан бастап 1 сынып табалдырығын аттаған балалар латын графикасына негізделген қазақ әліпбиімен білім ала бастайды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңізге белгілі, жақында Үкімет жанындағы Ұлттық комиссияда жетілдірілген латын графикалы қазақ әліпбиі қаралып, мақұлданған болатын. Ғалымдарымыз бұл бағытта 1,5 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеді. Әліпби бүкіл республика бойынша ашық талқыланып, сынамалар, бейімдеу жүргізілді. Сөйтіп, әліпбиіміздің жазылуы, оқылуы, қолданысы жан-жақты зерделенді. Бұл әліпби алдағы уақытта Президент қарауына ұсынылады. Бекітілген жағдайда алдағы уақытта кестеге сәйкес кезең-кезеңімен латын әліпбиіне көшу жұмыстары жүргізіледі», - деді комитет төрағасы «Мемлекеттік тіл – халықты ұйыстыру құралы» тақырыбындағы отырыс барысында.

Оның атап өтуінше, биыл латын графикасына негізделген қазақ әлібиін жетік білетін мұғалімдер даярланып, орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер, анықтамалар әзірленеді.

«Яғни, 2021 жыл латын графикасына негізделген қазақ әлібиін оқытуға дайындық жылы болып есептелінеді. 2022 жылы балабақшада тәлім-тәрбие алып жатқан балалар оқи бастайды. Ал 2023 жылдан бастап 1 сынып табалдырығын аттаған балалар латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін оқиды. Демек, 2031 жылы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінде білім алған алғашқы түлектеріміз мектеп бітіріп, үлкен өмірге аяқ басады», - деді Әділбек Қаба.

Айта кетейік, аталған отырыстың мақсаты – Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Ұлттық комиссия мақұлдаған жетілдірілген латын графикасындағы қазақ әліпбиі мен емле ережелерін қоғамда кеңінен насихаттау және жаһандану кезеңіндегі қазақ тілін дамыту мәселелерін талқылау.

tirshilik-tynysy.kz

11 ақпан 2021 ж. 551 0